Атырауда Қарабалиндер әулетінің өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды. Бұл іске күдікті ретінде Сұлтан Сәрсемәлиев тартылып отыр. Тергеу дерегінше, ол қайын жұртының өліміне қатысы барын мойындаған, деп хабарлайды kznews.kz.
Істі тергеген Атырау облысы полиция департаменті тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Темірхан Қажымұратов күдіктінің ізіне қалай түскендерін айтып берді. Оның сөзінше, тергеу барысында 40-тан астам адамнан жауап алынған. Олардың қатарында марқұмдардың туыстары, көршілері және оқиғаға қатысы болуы мүмкін өзге де адамдар бар.
Тергеушінің айтуынша, бастапқыда ерлі-зайыпты із-түссіз жоғалғандар ретінде тіркелген. Кейін полиция олардың банк есепшоттарын тексеріп, ақша қозғалысын, қаражаттың қай жерлерде жұмсалғанын анықтай бастаған.
"Алдымен олардың есепшоттарын қарадық. Ақша түсті ме, қай жерде жұмсалды – бәрі тексерілді. Осы кезде күдікті Сәрсемәлиевтің шотына ақша түсіріп жүргені белгілі болды. Кейін ауылға апарып-әкелген такси жүргізушісі табылды. Ол қараша айында ерлі-зайыпты мен баласын жеткізген. Қайтар жолда жанында Мейрамгүл Мұқанғалиева да болған", – деді тергеуші Темірхан Қажымұратов.
Қазір сот барысында қылмыстық істің мән-жайы қаралып жатыр. Тергеу нұсқасына сай, күдіктінің әрекеті ауыр қылмыс ретінде бағаланған. Соңғы шешімді сот шығарады.