Атырауда өмір бойына бас бостандығынан айырылған Сұлтан Сәрсемәлиев Жезқазғандағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне жіберілді.
«Ақ Жайық» басылымының мәліметінше, Сәрсемәлиев колонияға 19 қыркүйекте этаппен жөнелтілген.
Бұған дейін оның Қостанай облысындағы «Қара бүркіт» мекемесіне жіберілуі мүмкін екені айтылған. Себебі бұған дейін Қазақстанда өмір бойына сотталғандар жазасын өтейтін негізгі мекеме осы болатын.
Алайда қазір Жезқазғандағы колония да өмір бойына бас бостандығынан айырылған сотталғандарды ұстауға бейімделіп жатқаны хабарланды.
Қазіргі уақытта «Қара бүркіт» колониясында өмір бойына сотталған 200-ден астам адам жазасын өтеп жатыр. Бір сотталғанды ұстауға тәулігіне шамамен 2 мың теңгеден астам қаражат жұмсалады. Бұл сомаға тамақтану және коммуналдық-тұрмыстық шығындар кіреді.
Өмір бойына сотталғандардың арасындағы ең егде адамның жасы – 76-да, ал ең жасы – 20-да. Сондай-ақ сегіз адамның жазасын өтеп жатқанына 25 жылдан асқан.