KZNews.kz
Жаңалықтар

Қайрат Әділгерей Құрманғазы туралы даулы сөзі үшін көпшілік алдында кешірім сұрады

Дархан Тоқан
Фото: instagram.com/kairat_adilgerey / Gov.kz

Танымал актер Қайрат Әділгерей подкасттағы Құрманғазы Сағырбайұлына қатысты айтқан пікірлері қоғамда қызу талқыға түсіп, күйшінің ұрпақтары наразылық білдіргеннен кейін кешірім сұрап, түсініктеме берді, деп хабарлайды Kznews.kz.

Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялап, күй атасы Құрманғазы жайлы сөздерінің қате қабылдануына себеп болған тұстарды тарқатып айтқан. Актердің сөзіне қарағанда, оның мақсаты күйшінің әруағын қорлау емес.

“Кейінгі екі күнде менің белгілі бір подкастта Құрманғазы атамызға қатысты айтқан пікірім қатты талқыға түсіп жатыр. Орал қаласының ақсақал, алқабилері жиналып, наразылық білдіріп, тіпті сотқа бермек екен. Осы тұста мен өз қателігімді мойындаймын”, – деді ол.

Ол аталған әңгімені бірнеше жыл бұрын подкаст барысында айтып қалғанын, әрі оны “өте дөрекі” жеткізгенін мойындады.

“Жалпы мен тарихи жерлерді аралағанды, бабалардың басына барып, әруақтарына құран бағыштағанды жақсы көремін. Кез келген тарихи мекенде бабалардың басында шырақшы не тарихшы болады. Мен бұл әңгімені сондай бабамыздың басындағы шырақшының өз аузынан естіген едім. Менің қателігім сол шырақшының айтқанын басқа форматта жеткізгенім болды, яғни жастар тілінде, дөрекі етіп жеткізгенім. Мен оны мойындаймын, үлкен бір қателігім болды. Өздеріңіз білесіздер, подкаст еркін форматта жүргізілетін сұхбат, сондықтан мен де еркінсіп, эмоцияға беріліп, естіген әңгімемді қате жеткіздім”, – деді ол.

Қайрат Әділгерей Құрманғазының ұрпақтары көтерген талапты орындауға дайын екенін айтып, күйшінің жатқан жеріне барып, құран бағыштайтынын жеткізді.

“Мен оралдық ақсақалдардың талабын орындауға дайынмын, осы бірнеше күнде Астрахань қаласына барып, құран бағыштап, барлық мағлұматты сол жерде түсіндіремін. Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ жоқ демекші, сіздерден кешірім сұраймын”, – деді ол.

Оқиғаның мән-жайы әлеуметтік желіде тараған үзіндіден кейін ушыға түсті. Онда актердің подкасттардың бірінде күйші Құрманғазы жайлы айтқан пікірі жарияланған.

“Құрманғазы Сағырбайұлын тек күйші ретінде білеміз, ал шын мәнінде барып шырақшыдан сұрасаң, ол баукеспе, қарақшы болған. Теріс жолмен жүрген. Досы Исатай екеуі “гопстоппен” айналысқан. Байлардан тартып алып, кедейлерге таратқан”, – дейді ол подкастта.

Осыдан кейін Батыс өңіріндегі қызылқұрт руының өкілдері әрі Құрманғазының ұрпақтары арнайы мәлімдеме жасап, актердің сөзі тарихи тұлғаның беделіне нұқсан келтіреді деп есептейтінін айтты.

“Кейінгі кезде әлеуметтік желіде актер Қайрат Әділгерей ұлтымыздың мақтанышы, күй атасы атанған Құрманғазы Сағырбайұлы туралы ел алдында ар-намысын қорлайтын, жалған және жала сипаттағы сөздер айтқан видеосы тарады. Эфирде актер ешбір тарихи, ғылыми деректерге сүйенбестен, Құрманғазы атамызды теріс жолмен жүрген қарақшы деп атамыздың қадір-қасиетіне және тарихи беделіне нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратқан. Біріншіден, тарихи деректерге сәйкес, Құрманғазы атамыздың мазары Ақжар деген жерде емес, Ресей Федерациясының Астрахань облысы Алтынжар елдімекенінде орналасқан. Ол жерде 2009-2010 жылдары Қамза Нұрғазиев есімді шырақшы болған, руы Жайық, беріш. Ол Қайрат Әділгерей айтқандай ақпарат таратуы мүмкін емес”, – деді олар.

Сондай-ақ мәлімдемеде күйшінің “досы Исатай” деген ақпаратқа да күмән келтіріліп, басқа дерек алға тартылған.

“Екіншіден, қариялар Құрманғазының досы Исатай емес, руы қызылқұрт, соба Емшат есімді рулас болғанын алға тартты.

“Үшіншіден, актер эфирде Құрманғазының негізгі кәсібі ұрлық, қарақшылық, ал күйшілік тек хоббиі болған адам ретінде көрсетеді. Бұл тұжырымдар тарихшылардың немесе күйшінің өмір жолын көрсеткен ғалымдардың еңбектеріне мүлдем қайшы”, – деді олар.

Ақсақалдар тарапы актердің сөзіне құқықтық баға беріліп, сараптама жүргізілуі үшін сотқа жүгінетінін, сонымен бірге Қайрат Әділгерейдің Құрманғазының басына барып, кешірім сұрауын талап еткенін мәлімдеді.

“Осы айтылған жайттарды ескеріп, актер Қайрат Әділгерей қоғам алдында жала жабу, жалған ақпарат тарату және тарихи тұлғаның ар-намысы мен қадір-қасиетін нұқсан келтіру әрекеттеріне құқықтық баға беріп, сараптама жүргізіп, оған қатысты ҚР заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қолдану үшін үстінен іс қозғап, сотқа арыз түсіреміз”, – деді ақсақалдар.

Дархан Тоқан
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →