Танымал әзілкеш әрі актер Қайрат Әділгерей Құрманғазы бабаға қатысты айтылған сөздерден кейін Орал қаласына барып, баба рухына тағзым етті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Өнер иесі Құрманғазы Сағырбайұлының кесенесіне арнайы барып, құран бағыштап, құрбандық шалған. Бұл туралы актер әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады.
"Құрманғазы бабамыздың басына барып, құран бағыштап, құрбан шалып қайттық! Аллам жар болып, бабаларымыздың аруағы қолдап, желеп-жебеп жүрсін!" – деп жазды ол.
Желі қолданушылары актердің бұл қадамын қолдап, жылы пікірлер қалдырды. Көпшілік "Алла қабыл етсін", "Ниетіңіз қабыл болсын", "Тәубеңізді Алла қабыл етсін" деген тілектерін білдірді.
Осылайша, Қайрат Әділгерей туындаған жағдайдан кейін баба рухына құрмет көрсетіп, көпшілік алдында кешірім сұрағанын аңғартты.