Әлеуметтік желіде актер әрі әзілкеш Қайрат Әділгерейдің әйгілі күйші Құрманғазы Сағырбайұлы жайлы айтқан пікірі талқыға түсіп, көпшіліктің наразылығын тудырды. Бұған қатысты кәсіпкер Ахметбек Нұрсила да пікір білдірді, деп хабарлайды Kznews.kz.
Көпшілікке тарап кеткен бейнежазбада Қайрат Әділгерей Құрманғазының өміріне қатысты өз көзқарасын айтып, тарихи тұлғаның бейнесін басқаша қырынан қарастыру керектігін меңзеген.
– Құрманғазы туралы айтар болсақ, ол тіпті «разбойник» болған, былай айтқанда «по-черному» жүрген. Исатай досы екеуі байлардан тартып алып, кедейлерге берген. Ал хоббиі – күй тарту болған. Бірақ осындай дүниелердің бәрін біз зерделеп, аша алмай жатырмыз. Киноларымызда да дәріптелмей келеді, – деді ол.
Алайда бұл сөз қоғамда бірден сынға ұшырады. Кәсіпкер Ахметбек Нұрсила әзілкештің мәлімдемесіне қатаң реакция білдіріп, мұндай пікірдің үлкен аудиторияға жетуіне алаңдаушылық танытты.
– Шегірткелер құтырған заман болды. Осындай кем ақылдарға не айтуға болады? Ең үлкен қасірет – олардың әлеуметтік желіде сайрап отырғанында емес. Ең үлкен қасірет – бұларды үлкен сахнаға шығарады, киноға түсіреді, той басқаруға шақырады. Қасірет осында. Асуға ат шықпайтын арба шықты. Осы азаматты сотқа беру керек деп ойлайсыздар ма? – деді ол.
Желі қолданушылары да бұл мәселеге қатысты пікір таластырып, бір бөлігі тарихи тұлғалар туралы сөз қозғағанда жауапкершілік қажет екенін жазса, енді бірі айтылған ойдың контекстін нақтылап, эмоцияға берілмеуге шақырып жатыр.