Премьер-министр елдің мүддесін қорғауға шындап кірісті
Қазақстанның мұнай-газ және энергетика саласының сарапшысы, қоғам белсендісі Олжас Байділдинов Премьер-министр Олжас Бектеновтің Үкімет отырысындағы сөзін оң бағалады. Оның пікірінше, Премьердің мәлімдемесі стратегиялық бағыттағы Үкімет ұстанымын анық көрсетіп отыр. Сарапшы төрт негізгі месседжге назар аударды:
1. Өнімді бөлу келісімшарттарында ел мүддесі басты назарда
Байділдинов Премьердің консорциум әріптестерімен келіссөз бастағанын және бұл процесте елдің мүддесі қорғалатынын ерекше атады. Ол өз ықпалының да болғанын тілге тиек етті. Біржақты қайта қарау болмайтыны айтылғанымен, газ өңдеу зауыты және халықаралық арбитраж арқылы нақты әрекеттер жүріп жатыр.
2. Тариф өсімі - уақыт талабы
Сарапшы жылдар бойы Үкімет пен Энергетика министрлігі тарифтің нақты жағдайын ашық айтпағанын сынға алды. Ал бұл жолы Премьер шындықты бүкпесіз жеткізді дейді.
"Бүгінгі жағдай - тарифті доллармен есептегенде рентабельді деңгейге келтіру", – деді ол.
Мысалы, АИ-93 бензині 2000 жылдары 50 теңге болса, қазір 220 теңге болып отыр. Яғни, іс жүзінде баға өзгермеген.
3. Жылжымайтын мүлік те қымбаттайды
Инфляция, салықтың өсуі және бастапқы нарыққа ҚҚС енгізілуіне байланысты жылжымайтын мүлік те қымбаттамақ. Байділдиновтің болжамынша, екінші нарықтағы өсім 5-10% аралығында болады.
4. Мемлекеттік бюджетке 3–5 трлн теңге қосымша түсім түсуі мүмкін
Бұл сома әрбір азаматқа жылына шамамен 148–246 мың теңге, яғни ай сайын 12–21 мың теңге қосымша салмақ түсуі мүмкін дегенді білдіреді. Байділдинов салық реформасы әркімге әрқалай әсер ететінін айтса да, елдің жаңа экономикалық шындыққа бейімделуі маңызды екенін атап өтті.
Сарапшы Үкіметтің қоғаммен ашық әрі сандармен сөйлесе бастағанын құптап, бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет екенін жеткізді.