Павлодарда жасөспірімдер Мәңгілік алау маңында билеп, қоғамның ашуын туғызды

Павлодарда Жеңіс саябағында болған жағдай қоғамда үлкен наразылық туғызды, деп хабарлайды kznews.kz сайты HALYQSTAN Telegram арнасына сілтеп. Әлеуметтік желілерде жасөспірім қыздардың Мәңгілік алау маңында билеп жүрген сәті түсірілген видео тарап кетті. Бейнежазбаға қатысушылардың бірі роликке «Жеңіс саябағын қорлап жатырмыз» деген жазба қалдырған.
Полицияның мәліметінше, оқиғаға қатысқан барлық тұлғалар анықталып, ата-аналарымен бірге бөлімшеге жеткізілген.
«Құқыққа қайшы әрекеттері үшін жасөспірімдер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, балаларды тәрбиелеу бойынша міндеттерін дұрыс атқармағаны үшін олардың заңды өкілдеріне де әкімшілік шара қолданылды. Материалдар процестік шешім қабылдау үшін сотқа жолданды», – деді Павлодар облыстық полиция департаменті.
Бұдан бөлек, оқиға материалдары Павлодар қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға берілді.