Қоғам

Павлодарда қыз ұзатуда жұрт жаппай уланды: тойхана иесі рақымшылыққа ілініп, аман қалды

Павлодарда қыз ұзатуда жұрт жаппай уланды: тойхана иесі рақымшылыққа ілініп, аман қалды

Бір мейрамханада екі той өтіп, екеуінде де жұрт уланып қалды

Павлодарда қыз ұзатуда жұрт жаппай уланып қалған іс рақымшылыққа байланысты жабылғаны белгілі болды, деп хабарлайды kznews.kz. irbistv.kz-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Биыл маусым айында Чокин көшесіндегі мейрамханада өткен үйлену тойынан кейін қонақтар дәрігерлерге жүгінген. Олардың барлығында дерлік бірдей белгілер байқалған: диарея, құсу және жоғары температура.

Кейіннен белгілі болғандай, келесі күні дәл осы банкет залында тағы бір той өткен, оған да жиналған қонақтар жаппай уланып қалған. Санитар дәрігерлер нысанға барып, сынамалар алған. Лабораториялық зерттеу нәтижесінде ішек таяқшасы, сальмонелла және алтын түсті стафилококк анықталды.

Павлодар қаласы полициясының қаулысында былай делінген:

«Staphylococcus aureus», «Salmonella enteritidis», «КМАФАнМ», «БГКП» сияқты бактериялар тағамның санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтамау салдарынан – тамақты дайындау, сақтау кезінде, сондай-ақ лас ыдыс немесе қайталама ластану нәтижесінде пайда болған. Бұған қызметкерлердің жеке бас гигиенасын сақтамауы да әсер етуі мүмкін», – дейді полиция.

26 жастағы кәсіпкерге санитарлық ережелерді бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу бірнеше айға созылып, жәбірленушілерден жауап алынды. Алайда іс тоқтатылды, себебі бизнесмен Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына арналған рақымшылыққа іліккен.

Айта кетейік, уланған азаматтар азаматтық тәртіппен материалдық және моральдық зиянның өтемін талап ету құқығын сақтап отыр.

Ұқсас материалдар

Барлығы

Жаңалықтар

Тағы жаңалық
KZNews.kz