Тележүргізуші Дана Нұржігіт актриса Меруерт Өтекешованың Майя Бекбаеваға берген сұхбатына қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды ozgeris.info.
Журналист сұхбатты көргеннен кейін алған әсерін жасырмай, өнер иесінің қазіргі жағдайы көңіліне ауыр тигенін атап өтті.
"Меруерт Өтекешованың сұхбатын көріп, жүрегім қарс айырылды. Интеллигенция туралы айтқанда дәл осындай адамдарды меңзеймін. Сұлу келбет, нәзік болмысымен қатар, Алла оған үлкен сынақ та берген екен. Оның қарапайым өмір сүріп жүргенін сезетінмін, бірақ Астанада пәтер жалдап тұратынын естігенде таңғалдым. Бұл – ақылға сыймайтын әділетсіздік", – деді ол.
Сондай-ақ Дана Нұржігіт актрисаның өнерге қосқан зор үлесін ерекше атап өтіп, оның "Қыз Жібек" фильмін сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізудегі еңбегіне тоқталды.
"Горбачевтың заманында қор ашып, бір тиынын шашпай, "Қыз Жібек" фильмін Мәскеудегі архивтен қайта жаздырып, елге жеткізген ерлігін айтсаңызшы. Бұл – үлкен еңбек", – деді ол.
Сонымен қатар, тележүргізуші актрисаның елордада Қыз Жібек пен Төлегенге ескерткіш орнату бастамасын жоғары бағалап өтті.
Сөз соңында ол өнер адамдарына құрмет тек сөз жүзінде емес, нақты іспен, шынайы қолдаумен көрсетілуі керектігін атап өтті.
"Ең үлкен құрмет – Қыз Жібегіміздің жағдайын жасап, оған лайықты өмір сыйлау. Бұл буын ешқашан қол жаймайды, барға қанағат етіп, жоққа шүкір дейді", – деп түйіндеді ол.