«Қыз Жібек» фильмінде басты кейіпкерді сомдаған актриса Меруерт Өтекешева продюсер Баян Алагөзованың иелігіндегі қамзолға қатысты өз пікірін білдіріп, оның түпнұсқа екенін растады, деп хабарлайды kznews.kz.
Аталған мәселе жөнінде журналист Гүлбану Әбенова әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялаған. Оның айтуынша, актрисамен жуырда тілдесу барысында даулы қамзол тақырыбы қозғалған.
«Меруерт Өтекешева ханым Баянның қолындағы камзолдың түпнұсқа екенін растады. Бұрын көптеген реквизиттер мен костюмдердің әртүрлі адамдардың қолына тарап кеткенін айтты. Қазір музейде сақталған бір ғана нұсқасы бар, алайда оған тиісті деңгейде күтім жасалмай отырған көрінеді», – деп жазды журналист.
Сондай-ақ, бұл қамзолдың ұзақ уақыт бойы жеке адамның үйінде, сандықта сақталғаны белгілі болған.
Камзолдың нақты қай жерде сақталуы тиіс деген сұраққа актриса пікір білдіруден бас тартқан. Оның айтуынша, бұл тақырып төңірегіндегі әңгіме шектен тыс көбейіп кеткен. Қазіргі таңда, актрисаның ойынша, назар ең алдымен өзіне аударылуы керек, себебі фильмге қатысқан әртістердің ішінен көзі тірі қалған жалғыз өзі екенінатап өткен.
Журналистің сөзінше, актриса мерейтойын атап өтуге қатысты белгілі бір үміт күтетіндей әсер қалдырған. Биыл ақпан айында Меруерт Өтекешева 75 жасқа толған.