Бұған дейін «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы тарихи матчта қақпаны қорғаған 18 жастағы Шерхан Қалмұрза қазақстандық кәсіпкерден су жаңа көлік алған болатын. Ал жуырда Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өтуге елеулі үлес қосқан қақпашы Темірлан Анарбековке де Zigi Zagi компаниясы темір тұлпар сыйға тартты.
Бұл жағдай қоғамда да, жанкүйерлер арасында да қызу талқыланып, кейбіреулер «жеке марапат командалық рухқа әсер етуі мүмкін» деген пікір айтты.
Рафаэль Уразбахтин бұл мәселеге қатысты ойын ашық жеткізді:
«Кәсіпкерлерге сыйлық беруге тыйым сала алмаймыз. Дегенмен ойыншыларды бөліп-жарып, біреуіне ғана ерекше көңіл бөлу – дұрыс емес. Бұл – командалық спорт. Егер көмектескің келсе, клубқа көмектес. Сыйлық бергіңіз келсе, бәріне беріңіз. Бірақ бұған араласуға менің құқым жоқ», – деді ол.
Бапкердің айтуынша, клубтың саясаты да осы бағытта:
«Командалық жұмыста біреуді даралау дұрыс емес. Біз бір ұжымбыз. Әр жеңіс – бүкіл команданың еңбегі. Ал кәсіпкерлердің өз мүддесі бар шығар, оны айту қиын», – деп түйіндеді Уразбахтин.
Маманның бұл пікірі «Қайраттың» ішкі тәртібі мен бірлік қағидатын сақтау мақсатында айтылғанын айта кеткен жөн.