Әлемге әйгілі футболшы Роналдиньо Италияның C сериясында өнер көрсететін "Равенна" клубының негізгі құрамында алаңға шығады.
Аты аңызға айналған бразилиялық футболшы 2015 жылдан бері алғаш рет ресми матчке қатыспақ, деп хабарлайды kznews.kz
"Равенна" клубының бас бапкері Андреа Мандорлини бразилиялық футболшының ойынды алғашқы минуттардан бастайтынын растады. Алайда 46 жастағы Роналдиньоның алаңда қанша уақыт ойнайтыны әзірге белгісіз.
Тамызда "Равенна" клубының ойыншысы ретінде таныстырылған Роналдиньо содан бері жаңа командасының сапында бірде-бір матчке қатыспаған. Қазір "Равенна" 14-тур қарсаңында 29 ұпай жинап, чемпионат кестесінде екінші орында тұр.
"Оның ойынның алғашқы минуттарынан бастап алаңға шығатынына еш күмән жоқ. Ал қанша уақыт ойнайтынын кейін өзара ақылдасып шешеміз. Ол шабуыл шебіндегі үш футболшының бірі болады", – деді бас бапкер.
Еске салайық, биыл жазда Роналдиньо Италияның "Равенна" клубымен келісімшарт жасасты. Әйгілі футболшы 2015 жылы Бразилияның "Флуминенсе" клубында жүргенде кәсіби мансабын аяқтаған еді. Алайда араға 11 жыл салып, үлкен футболға қайта оралуды ұйғарды.
Роналдиньоның футболдағы ең жарқын кезеңі 2003–2008 жылдары "Барселона" сапында өтті. Ол каталониялық клубқа Бразилия құрамасымен әлем чемпионы атанғаннан кейін ауысып, команданың Чемпиондар лигасында топ жаруына және Испания біріншілігінде екі мәрте жеңіске жетуіне зор үлес қосты.
2005 жылы Роналдиньо әлемнің үздік футболшысы атанып, "Алтын доп" жүлдесін жеңіп алды. Жанкүйерлер бразилиялық шебердің қарсыластарын сан соқтыратын айла-тәсілдері мен ерекше соққыларын әлі күнге дейін ұмытқан жоқ.