Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан Ормуз бұғазы жабылды, қазір мұнда мұнай-газ тасымалдайтын 150-ден астам кеме кептеліп тұр. Иран бұғазды бұғаттау арқылы АҚШ-тың меселін қайтарғысы келгенімен, әлем елдеріне шикізат тасымалының тежелгені оңайға соқпауда. Теңіздегі тартыстың ақыры қандай болмақ, мұнай бағасының өсуі Қазақстанға пайда әкеле ме? Kazinform тілшісі бүкіл әлем неліктен Ормуз бұғазына көз тігіп отырғанын саралап көрді.
Ормуз бұғазы – әлемдегі стратегиялық теңіз жолдарының бірі. Бұғаз Парсы шығанағы мен Оман шығанағының ортасында жатыр әрі Таяу Шығыстың Араб теңізіне шығатын маңызды маршруты саналады. Оман, Біріккен Араб әмірліктері, Қатар, Бахрейн, Кувейт, Ирак, Сауд Арабиясы секілді мұнай өндіретін мемлекеттер осы арнамен шикізат тасымалдап отыр. Әлемдік мұнайдың – 20%-ы, сұйытылған газдың – 30%-ның жеткізілімі бұғазға тәуелді.
Аймақтың жер бедеріне қарасақ, бұғаздың ені 33 шақырым, алайда кеме жүретін бөлігі небәрі 3,7 шақырымнан аспайды. Осы қуықтай аралықтан тәулігіне 20 миллион баррельге дейін мұнай экспортталады, бұл – теңіз арқылы жөнелтілетін шикі мұнайдың үштен бірі деген сөз. Енді бұл теңіз жолымен Иран мен Қытай кемелері ғана өтуде.
Иран үшін әуелден бұғазды жабудың екі жолы бар-тын: біріншісі – бұғаздан өтпек болған кемелерді атқылау, екіншісі – теңіз миналарын суға шашу (аталған сценарий жүзеге асса, бірде-бір кеме жүзе алмайды). Әзірге парсы жұрты бірінші әдіспен-ақ айбатын көрсетіп тұр. Қақтығыс басталғалы 5 мұнай танкеріне соққы берген. Жағдайдан хабардар әлем елдері бұғаз маңындағы кемелерін кері қайтарып немесе тапжылмай тұруға бұйрық беруде.
Теңіз жолын бөгеудің екінші тәсілі – миналарды суға батыру жақын арада қолданылмайтын секілді. Тегеран аталған сценарийді талай мәрте айтқанымен, тарихтан тек соңғы амал ретінде қолданатынын білеміз. Мысалы, Иракпен соғыс сәтінде Иранның теңіз миналары Ормуз бұғазын жауып тастаған сәттер болды, алайда шарасыз қадам текетірестің шарықтау шегінде қолданылған еді.
Қазір де жағдай мәз емес. Рухани көсем Әли Хаменеи қаза тапты, ел кек алуға бекіп, «қызыл туды» көтеріп отыр. Иранды Ормуз бұғазын жаппай миналаудан тартындырып отырған Қытай мен онсыз да құрдымдағы экономикасы ғана. Неге десеңіз, Қытайдың мұнай импортының 50%-ға жуығы Ормуз бұғазы арқылы жөнелтіледі және Қытай Иран мұнайының негізгі сатып алушысы екенін ұмытпауымыз керек. Стратегиялық өткел толық жабылса, «Аспан асты» елінің өндірісіне ауыр соққы болмақ. Сондықтан Қытай бір жағынан Иранға көмектесіп, екінші жағынан оның бұғазды жапқанына наразы болып отыр.
Шығыстанушы Жанат Момынқұловтың айтуынша, Ормуз бұғазын жабу Иранның өзіне тиімсіз.
– Оқиғаның салқыны ең алдымен әлемдік энергетикалық нарықта сезіледі. Бірақ ол қадам Иранның өзі үшін де, мұнай сатып алып отырған Қытай үшін де тиімсіз. Бұғаздың толық немесе ішінара жабылуы мұнай бағасының күрт өсуіне алып келуі мүмкін.
Сонымен қатар жаһандық логистикалық тізбектердің бұзылуы тасымал құнының қымбаттауына, қосымша төлемдерінің өсуіне, қаржылық операциялардың қиындауына әкеледі, – деді сарапшы.
Жалпы бұғаз БҰҰ-ның 1982 жылы қабылданған теңіз құқығы жөніндегі конвенциясы бойынша халықаралық су жолы ретінде танылған. Өйткені Ормуз бұғазы Парсы шығанағындағы елдердің жүк тасымалын ашық теңізге шығаратын бір ғана су жолы саналады. Дегенмен Иран парламенті БҰҰ-ның конвенциясына әлі күнге дейін келіскен жоқ. Керісінше, 2012 жылы парламент экономикалық санкцияларға жауап ретінде мұнай танкерлері үшін Ормуз бұғазын жауып тастау туралы заң жобасын мақұлдаған болатын. Осы есеппен алсақ, Иранның кемелердің жүзуіне қойған бөгетінің құқықтық негіздемесі басы ашық күйінде қалып отыр.
Қазақстан тәулігіне 206 мың баррель мұнай өндіреді
Таяу Шығыстағы шабуылдардан кейін мұнай нарығы дүр сілкінді. Сейсенбіде Brent маркалы мұнайдың бағасы өсіп, кейінгі 1,5 жылда алғаш рет баррелі 83 долларға жетті. Батыстың да, Азияның да қор нарығы құлдырады. Еуропада сұйытылған газ бағасы 50%-ға көтерілді, Азия елдері жаңа энергия жеткізушілерін іздеп жатыр. Сарапшылар жағдай осылай кете берсе, «қара алтынның» құны барреліне 120-150 долларға дейін жетеді деген ойда.
Бүгінде бюджет түсімінің басым дені мұнай экспортына тәуелді Қазақстан үшін мүмкіндік туып тұр. Мұнай құны көтерілген сайын табыс арта түспек. Есепке салсақ, шикізаттың 1 долларға қымбаттауы ел бюджетіне шамамен 150 млн доллар шамасында қосымша кіріс әкелуі мүмкін. Ал баға 82 долларға жетсе, бір жылда 5 млрд доллар қосымша экспорттық табыс түседі деген болжам бар.
Ормуз бұғазындағы шиеленіс: мұнай бағасы барреліне 150 долларға баруы мүмкін
Шығыстанушы Жанат Момынқұлов аталған пікірмен келіспейді. Айтуынша, мұнай бағасы шамалау қиын және мұнай тапшылығы тауарлардың қымбаттауына әкеліп, инфляцияны өсіруі ықтимал.
– Әрине, мұнай бағасының көтерілуі Қазақстан үшін экспорт кірістерінің артуына әкелетіні анық. Алайда бұл – қысқа мерзімді әсер. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай баға «шоктары» ұзаққа созылмайды және құбылмалы әсері бар. Яғни, мұнай бағасының өсуі уақытша конъюнктуралық өсім ғана болмақ.
Оған қоса мұнай бағасының күрт өзгеруі валюта нарығын өзгертіп, бюджеттік жоспарлауды қиындатады. Егер өсім уақытша сипатта болса, фискалдық тиімділік шектеулі болуы ықтимал, – деп толықтырды Жанат Момынқұлов.
Экономист Бауыржан Ысқақовтың дерегінше, келешекте мемлекеттер мұнай қорын көбейтуге әрекет жасайды. Себебі Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан әлем қажетті мұнайдың 20–30%-ынан айырылды. Енді соның есесін толтырып, тұтыну көлеміне сай шикізат өндіруі мүмкін. Қазірдің өзінде мұнай мен газдың ірі импорттаушылары саналатын азиялық елдер қор жинауға көшті.
– Артық өндірістік қуаты бар елдер, мысалы Сауд Арабиясы мен АҚШ жеткізілімді арттыра алады. Алайда Иран мұнайының орнын толық толтыру оңай емес. Сондықтан жеткізу бағыттарын әртараптандыру күшейетініне сенімдімін.
Мұнай бағасының өсуі арктикалық және терең су айдындарындағы кен орындарын игеруді экономикалық тұрғыдан тиімдірек етуі мүмкін. Келешекте баламалы энергия көздеріне көшу үдерісі жеделдейді, – деді Бауыржан Ысқақов.
АҚШ-тың Энергетикалық ақпарат басқармасының (EIA) мәліметінше, Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктері арқылы өтетін құбырлар тәулігіне 3,5 млн баррель мұнай өткізе алады. Ал АҚШ-тың стратегиялық мұнай қоры 415 млн баррельді құрайды. Дегенмен, бұл резервтер ықтимал ұзақ мерзімді тапшылықты толық өтей алмады деген сөз емес – сұраныс артпаса, кемімейді.
Қазақстан да алдағы уақытта мұнай өндірісін ұлғайтпақ. ОПЕК+ елдері сәуір айынан бастап тәулігіне 206 мың баррель мұнай өндіру жөнінде келісті. Бұған дейінгі келісім бойынша тәулігіне тек 137 мың баррель мұнай өндіру туралы уағда бар еді.
Жанама әсер қандай?
Таяу Шығыстағы көршімізбен Каспий теңізі бойынша шектесеміз. Тегеранмен арада алыс-беріс көлемі аз емес. Мұнайдың «жыры» бір басқа, Ирандағы жағдай өзге салаларға да кері әсерін тигізуде. Бәрінен бұрын теңізге шығу арманымыздың ауылы алыстайын деп тұр. Жағдай тұрақталмағанша теміржол, теңіз қатынасы уақытша тоқтап, кәсіп пен жеке сектор шығынға бататын түрі бар.
Демек, Ормуз бұғазы сол күйі ашылмаса, жаһан рецессияға тап болады, Қазақстан да жанама әсерін сезінбек. Электр энергиясы қымбаттап, инфляция қайта күшеюі мүмкін. Отын-энергетика көздері мен мұнай-газ қорлары жаңа мүдделер қақтығысының қозғаушы күшіне айналуы ғажап емес. Сондықтан Таяу Шығыстағы ахуалды тұрақты бақылау аса маңызды.