Францияның бұрынғы президенті Жак Ширактың жұбайы Бернадетт Ширак 93 жасында қайтыс болды, деп kznews.kz тілшісі dalanews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бернадетт Ширак 5 маусым күні кешке көз жұмған. Франция президенті Эммануэль Макрон марқұмның отбасына көңіл айтып, оны ел тарихында із қалдырған, жүрегі кең тұлға деп атады.
Макронның айтуынша, Бернадетт Ширак табандылығы мен жанашырлығы арқылы көптеген адамның өміріне әсер еткен. Сондай-ақ ол француз ауруханалары қорының басшысы ретінде миллиондаған науқасқа көмек көрсетуге үлес қосқанын атап өтті.
Бернадетт Ширак 1933 жылы 18 мамырда Парижде дипломаттар отбасында дүниеге келген. Sciences Po оқу орнында білім алып жүрген кезінде болашақ жары Жак Ширакпен танысқан. Екеуі 1956 жылы шаңырақ көтеріп, 60 жылдан астам уақыт бірге өмір сүрді.
Ол Франция тарихындағы сайланбалы саяси қызмет атқарған жалғыз бірінші ханым ретінде де белгілі. Бернадетт Ширак 1979 жылдан 2015 жылға дейін Коррез департаментінің бас кеңесшісі болды.
Жак Ширак президент болған жылдары Бернадетт Ширак бастапқыда көпшілік назарынан тыс жүрді. Алайда кейін саяси және қоғамдық өмірде белсенділігі артып, әсіресе 2002 жылғы президент сайлауында күйеуіне қолдау көрсеткен тұлғалардың бірі ретінде аталды.
Сонымен қатар ол ауруханада жатқан балаларға көмектесуге арналған «Сары тиындар» қайырымдылық науқаны арқылы француз қоғамында үлкен құрметке ие болды.
Айта кетейік, Жак Ширак 2019 жылдың қыркүйегінде 86 жасында қайтыс болған. Ол 1995 жылдан 2007 жылға дейін Франция президенті қызметін атқарды. Бұған дейін екі рет премьер-министр, үш рет Париж мэрі болған.