Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларға арналған 40 көмек кабинетін ашу жоспарланғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Kznews.kz сайты inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, бүгінде ел аумағында 20 психологиялық қолдау орталығы жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар барлық мектепте қауіпсіздік сабақтары мен «111» байланыс орталықтары енгізілген. Алдағы кезеңде осы бағыт күшейтіліп, мектептерде педагог-психолог сағатын енгізу де күн тәртібіне шыққан.
– Бүгінде елімізде 20 психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді. Барлық мектепте қауіпсіздік сабақтары мен "111" байланыс орталықтары енгізілген. Тұжырымдама аясында мектептерде педагог-психолог сағатын енгізу, зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларға 40 көмек кабинетін ашу жоспарланды, – деп толықтырды министр.
Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, бұзушылық фактілерінің алдын алу және психологиялық көмек көрсетуге бағытталған шаралардың бәрі – әр баланың қауіпсіз ортада өмір сүруіне негіз болады.
– Жалпы алғанда, соңғы жылдары балалардың қауіпсіздігін жақсарту үшін бірқатар жүйелі шара қабылданды. Білім беру мекемелері техникалық қауіпсіздік жабдықтарымен толық жабдықталған. Жазғы лагерлердің қызметін лицензиялау 2026 жылдың 1 сәуірінен, ал мектепке дейінгі мекемелерді 2027 жылға жоспарланған. Балаларды зиянды ақпараттан қорғау шараларының бірі заңсыз мазмұндағы ақпаратты жоймағаны үшін онлайн платформаларға жаза күшейтілді, – деді Оқу-ағарту министрі.
Кілт сөздер: Қазақстан балалары, мектеп қауіпсіздігі, психологиялық көмек, 111 байланыс орталығы, көмек кабинеті