Елге танымал актер Тұңғышбай Жаманқұлов марқұм Асанәлі Әшімов туралы тебірене сөйлеп, ол туралы естелік сөзін айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
"Қазақ өнерінің асқар тауы құлады. Қазақ өнерінің ар-намысы, жүйрігі аяғына жығылып түсті. Өлім дейтін төтеден құтылмады. Театрдың 100 жылдығында бірге отыратындай арқа-жарқа болып жүруші едік. Бұйрық солай болды...
Асекең өмірден жарқырап өтті. Ойнайтынын ойнады, көретінін көрді, халықтың барлық марапаты мен мемлекеттің барлық жақсылығын алды, көрді. Бірақ өнер деген әлемнің қызығына тоймай кетті. Өнер – халықтың жүрегі. Халықтың жүрегі қала соқса, өнерпаздың да жүрегі солай соғады. Асекеңнің арманы мен мұңы, қайғысы мен шері қалай болғанын қасында жүрген біздер білеміз. Қасында болуға тырыстық. Жолын табуға тырыстық. Бірақ өзінің орнын толтыра алмайтынымыз хақ. Асекең қайтып келмейтін сағынышқа айналды. Өзінің алдында болған қазақ өнерінің Могикандарымен ақ бұлттар арасында кездесетін болар. Ал кейінгі ұрпақты Асанәлі Әшімовтің шарапаты қолдаса екен дейміз. Кейінгі жастар барды бардай, жоқты жоқтай, талантты таланттай біліп, қазақ өнерінің биігін аласартпаса екен, арзанына айналып, қымбатынан айрылып қалатын жағдайдан сақтанса екен дейміз.
Асекең өнер дейтін өлкеде қасиет пен құдіретке қызмет етті. Жеке өміріндегі бұрылыс-бұлтақтарды нар түйедей көтерген нағыз ер азамат. Кімнің басына не келіп, не кетпейді?! Бірақ соның бәрін мойымай, өнерге деген өзінің махаббатын алмастырмады. Соңғы жүрек қағысына дейін еліне деген, өнерге деген махаббатын алып өтті. Жатқан жерің жайлы болсын, Асаға. Иманың жолдас болсын! ", – деді Тұңғышбай Жаманқұлов.