Кино және театр актері, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрын басқарған жылдарындағы бір оқиғаны еске алды. Оның айтуынша, 1990-жылдары жас актерлердің баспана мәселесін шешуге ерекше көңіл бөлген, деп хабарлайды kznews.kz.
Өнер иесі бұл туралы 2021 жылы "Ең алғашқы" бағдарламасына берген сұхбатында айтқан.
Жаманқұловтың сөзінше, 90-жылдар театр ұжымы үшін де өте ауыр кезең болған. Сол кезде ол жас әртістердің театрда тұрақтап қалуы үшін олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға тырысқан. Әсіресе баспана тапшылығы негізгі мәселелердің бірі болған.
Актердің айтуынша, бір жолы театр қойылымына Нұрсұлтан Назарбаев келіп, спектакльді тамашалағаннан кейін 50 мың доллар көлемінде көрімдік берген.
"Сол кезде Әуезов театрына басшы болып тағайындалдым. 90-жылдар өте қиын еді. Бар мүмкіндігімді пайдаланып, театрдағы жастарға үй алып беруге кірістім. Солардың ішінде Дулыға да бар. Бірде спектакльге Нұрсұлтан Әбішұлы келіп, қойылымға риза болып, 50 мың доллар көрімдік берді. Сол ақшаға он шақты пәтер сатып алдым. Бұдан бөлек, ұжымға бір айлық көлемінде сыйақы бердім", – деп еске алды Тұңғышбай Жаманқұлов.
Оның айтуынша, сол кезеңде мұндай қолдау жас актерлердің тұрмыстық жағдайын түзеп, театрда тұрақтап жұмыс істеуіне мүмкіндік берген.