KZNews.kz
Жаңалықтар

Нұрлан Сабуровқа Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынды: Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі не дейді

Жарқын Омаров
Фото: instagram.com/nurlan__saburov

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ресейлік БАҚ-та әзілкеш Нұрлан Сабуровқа Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынғаны туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.

«Қазақстан Республикасының азаматы Н. Сабуровқа қатысты хабарлаймыз: ол немесе оның заңды өкілдері Ресейдегі ҚР елшілігіне жүгінген жоқ», – делінген министрлік таратқан хабарламада.

Сондай-ақ Нұрлан Сабуровтың ұсталғаны жөнінде Ресей Федерациясының құзырлы органдарынан ешқандай ақпарат түспегені айтылды.

Бұған дейін бірқатар БАҚ Нұрлан Сабуровқа Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынғанын хабарлаған болатын. Мәліметтерге сәйкес, бұл шешім «ұлттық қауіпсіздік мүддесі үшін» қабылданған. Әзірге ресейлік ведомстволар да, комиктің өзі де, оның өкілдері де бұл жағдайға қатысты пікір білдірген жоқ.

БАҚ дерегінше, Сабуров 6 ақпанға қараған түні Дубайдан Мәскеудегі Внуково әуежайына ұшып келген. Паспорттық бақылаудан өткеннен кейін оны бөлек бөлмеге алып барып, Ресейге кіруге тыйым салынғаны туралы ресми құжат тапсырған.

Кейінірек Сабуровтың Дубайға тегін депортациялаудан бас тартқаны белгілі болды. Дереккөздердің айтуынша, ұшудың міндетті шарты ретінде оған кісен тағу талап етілген. Әзілкеш Қазақстанға билеттi өз қаражатына сатып алғаны айтылып жатыр.

Жарқын Омаров
C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салал...
Автордың басқа материалдары →