Стендап-комик Нұрлан Сабуров Ресей саясатына қатысты ұстанымын көпшілік алдында өзгертіп, оны жария түрде мәлімдесе, Ресейге кіруге қойылған шектеуді алып тастауға немесе оның мерзімін қысқартуға үміттене алады, деп хабарлайды Kznews.kz РИА Новости-ке сілтеме жасап.
Мәскеу облысындағы Құқық тәртібі орталығының жетекшісі, заңгер Александр Хаминскийдің айтуынша, Сабуров сотқа әкімшілік талап-арыз түсіріп, тыйым салу шешімін даулауға құқылы. Алайда бұл жағдайда ол шектеуге негіз болған себептердің жойылғанын немесе бастапқыда болмағанын дәлелдеуі тиіс.
«Сабуровтың Ресей аумағына кіруге тыйым салынған шешімге қатысты әкімшілік талап-арызбен сотқа жүгініп, оны даулауына ешкім кедергі келтірмейді. Алайда ол бұл жағдайда тыйым салуға негіз болған себептердің жойылғанын немесе бастапқыда мүлде болмағанын дәлелдеуі керек. Бұл жағдайда ең перспективалы жол – Ресей саясатына қатысты ұстанымын көпшілік алдында өзгертіп, содан кейін құзырлы органдарға тыйымды алып тастау немесе оның мерзімін қысқарту туралы өтінішпен жүгіну», – деді заңгер.
Ресейге кіруге тыйым салу туралы шешім Сабуровтың Ресейдің Украинаға қарсы соғысын көпшілік алдында сынауына, «антиресейлік мәлімдемелеріне», сондай-ақ көші-қон және салық заңнамасын жүйелі түрде бұзуына байланысты қабылданған.
Сонымен қатар Хаминский бұл шектеу Сабуровтың мүліктік құқығын автоматты түрде шектемейтінін атап өткен. Мәселен, ол Мәскеу облысындағы өзіне тиесілі коттеджін сатуға кедергі болмайды, ал мұндай шектеулер тек шетел агенттері тізіміне енгізілген жағдайда туындауы мүмкін екенін айтты.
«Сабуровқа қойылған кіру тыйымы оның азаматтық-құқықтық өкілеттіктерінен айырылғанын білдірмейді. Мысалы, ол Мәскеу облысындағы өзіне тиесілі коттеджін еш кедергісіз сата алады. Бұған шектеу тек оны шетел агенттері тізіміне енгізген жағдайда қойылуы мүмкін», – деп атап өтті Хаминский.
Ал заңгер Евгения Сабитованың түсіндіруінше, Сабуров салық есептілігін уақытында тапсырып, міндеттемелерін орындап отырса, Ресейде бизнесін жүргізуін жалғастыра алады.
«Жеке тұлғаға РФ аумағына кіруге тыйым салынуы салық органының автоматты түрде жеке кәсіпкерлікті (ИП) немесе заңды тұлғаны жабуға міндеттейді деген сөз емес», – деп түсіндірді ол.
Осы ретте заңгерлер тыйым салынғанына қарамастан, Сабуров Ресейдегі мүлкінің иесі болып қала беретінін де нақтылаған.
Еске салсақ, 2026 жылғы 6 ақпанда Нұрлан Сабуровқа 30 қаңтарда Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынғаны белгілі болды. Мәлімет бойынша, шешім «елдің ұлттық қауіпсіздігі мүддесінде, заңнаманы сақтау және дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарды қорғау үшін» қабылданған. Комик Мәскеудегі Внуково әуежайында Дубайдан демалыстан оралғаннан кейін ұсталғаны айтылады. Ол Дубайға тегін депортациядан бас тартып, Қазақстанға билет алып, өз еркімен ұшып кеткен. 7 ақпан күні таңертең Алматыға келген.