Әзілкеш Нұрлан Сабуровқа Ресейге 50 жылға дейін кіруге тыйым салынған, деп kznews.kz тілшісі Baza Telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Шешім ресейлік билік тарапынан 30 қаңтарда қабылданған.
Дереккөздің жазуынша, мұндай шешімге соғысқа (СВО) қатысты сыни пікірлері, сондай-ақ миграциялық және салық заңнамасын бұзуы себеп болған.
Сабуровтың концерттері неге өтпей жатыр?
Өткен жылдың күзінен бастап Нұрлан Сабуровтың Ресейдегі бірқатар концерттері тоқтатылғаны туралы ақпарат тарай бастады. Соңғы рет Тюмень мен Обнинск қалаларында ақпан айына жоспарланған кештері өтпей қалған. Алайда әзірге әзілкештің өзі де, оның ресми өкілдері де бұл жағдайға қатысты түсініктеме берген жоқ.
Нұрлан Сабуров – орыс тілді кеңістіктегі ең танымал комиктердің бірі, Қазақстанда туған. Ол ТНТ арнасындағы Stand-Up жобалары мен жеке концерттері арқылы кеңінен танылды. Бұған дейін де ол саяси тұрғыдан сезімтал тақырыптардағы пікірлері мен Ресейдегі тұрақты мәртебесіне қатысты мәселелер себепті сын мен қысымға ұшыраған.