21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты күдікті қайтадан тергеу изоляторына ауыстырылды. Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қорғаушының айтуынша, қазіргі уақытта күдікті Шымкент қаласындағы Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №69 мекемесінде отыр. Медициналық тексеру нәтижесінде оның денсаулығы жақсы екені және есі дұрыс деп танылғаны айтылды.
Аянхан Омаров жәбірленуші тарап күдіктінің туыстарын да жауапкершілікке тартуға күш салып жатқанын жеткізді. Олардың пікірінше, туыстары бойжеткенді алып қашу оқиғасына қатысы болуы мүмкін.
"Күдіктінің туыстарын алдын ала сөз байласу арқылы некеге тұруға мәжбүрлегені үшін жауапқа тарту туралы полицияға бірнеше рет өтініш бердік. Өтініштер қабылданды, қазір бұл мәселе қаралып жатыр", – деді адвокат.
Сонымен қатар марқұм қыздың жақындары айыпты ауырлатуды сұрап отыр. Олар істі Қылмыстық кодекстің 125-1-бабы 1-бөлігінен 3-бөлігіне, яғни “абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан некеге тұруға мәжбүрлеу” бабына ауыстыру қажет деп есептейді.