Шымкентте Нұрай Серікбайдың қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша 21 шілдеге жоспарланған алғашқы сот отырысы кейінге шегерілді. Бұған айыпталушының денсаулығына байланысты сотқа қатыса алмауы себеп болған, деп хабарлайды kznews.kz.
Іс Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында қаралуы тиіс еді. Алайда сот басталмай тұрып, айыпталушының сырқатына байланысты отырысты өткізу мүмкін болмаған.
Сот барысында жәбірленуші тараптың қорғаушысы айыпталушының қатысуынсыз-ақ сотқа дейінгі тергеу материалдарын зерттеуді бастауды ұсынды. Оның пікірінше, бұл кезеңде сотталушының міндетті түрде қатысуы қажет емес.
Дегенмен судья бұл ұсынысты қанағаттандырмады. Ол сот процесі ресми түрде әлі басталмағанын және кез келген өтінішті қарау үшін барлық процеске қатысушылардың қатысуы заң талаптарына сай қамтамасыз етілуі тиіс екенін айтты.
Осыған байланысты сот отырысы кейінге қалдырылды. Судьяның айтуынша, айыпталушының қашан сауығып, сотқа қатыса алатыны әзірге белгісіз. Сондықтан келесі сот отырысының нақты күні кейін хабарланатын болады.