Шымкентте резонанс тудырған Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды, деп хабарлайды kznews.kz.
Жәбірленушінің отбасының адвокаты Аянхан Омаров мұны мәлімдеді. Зардап шеккен тарап іс материалдарының жеті томын қарап шығып, көшірмелерін алды. Барлық процедура аяқталғаннан кейін материалдар сотқа тапсырылады.
28 жастағы күдікті қазір Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айыпталып жатыр:
"Аса қатыгездікпен кісі өлтіру";
Некеге мәжбүрлеу" (Адам ұрлау);
"Сталкинг" (Аңду).
Бұл іс бойынша тергеу әрекеттері жалғасып жатыр. Тергеу барысын қоғам бақылап отыр.
Істің мән-жайы
Еске салайық, қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студентті жас жігіт асқан қатыгездікпен пышақтап өлтірген еді. Нұрай Серікбай оқиға орнында тіл тартпай кетті. Күдікті көзі тірісінде қыздың қыр соңынан қалмай, тіпті алып қашқаны да анықталған. Полиция адам өлтіру мен сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізуде.
Алайда араға үш ай салып 28 жастағы жігіттің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық орталыққа ауыстырылғаны белгілі болды. Марқұмның туыстары күдіктінің анықтама алып, жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.
Артынша ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптамаға сәйкес, айыпталушы есі дұрыс деп танылғанын және заң алдында жауап беретінін хабарлады. Вице-министрдің айтуынша, іс бойынша тергеу аяқталуға жақын.