Қоғам

Неліктен жастар отбасын құруды кейінге шегереді?

Неліктен жастар отбасын құруды кейінге шегереді?

Қазақстанда соңғы жылдары отбасын құру көрсеткіші айтарлықтай төмендеп келеді. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында тіркелген неке саны небәрі 22,5 мыңды құрап отыр. Бұл — өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,3 мың некеге аз. Сарапшылар мұндай құлдырауды соңғы онжылдықтағы ең елеулі өзгерістердің бірі деп бағалап отыр.

Кеш үйлену – кеш ата-ана болу

Жақында бір отырыста 40 жасқа келген досымыздың туған күніне куә болдық. Екі жарым жыл бұрын алғаш рет шаңырақ көтерген ол бүгінде әке атанып, сәбилі болған қуанышын бөлісті. Қуанышымыз шексіз болғанымен, ойланып қалдық: қызы мектепке барғанда өзі 45-тен асып кетпек. Баланың болашағы үшін қажет сергектік пен денсаулықты сақтап қалу — уақытпен жарыс екені рас.

Кеш үйленіп, кейін бала сүюдің өзі — үлкен бақыт. Бірақ уақытты тым кешіктіру денсаулық тұрғысынан да, психологиялық тұрғыдан да оңайға соқпауы мүмкін. Медициналық орталықтарға жүгініп, ата-ана болуға жанталасып жүрген жұптардың саны да артып келеді.

Неке неге кейінге қалады?

Мамандар жастардың некеге кеш баруының бірқатар себептерін атап отыр:

  • 1990-жылдардағы демографиялық дағдарыстың әсері;
  • Тұрақсыз табыс пен еңбек нарығындағы сенімсіздік;
  • Мансап пен өзін-өзі дамыту жолын таңдау;
  • Шет елге көшу үдерісінің күшеюі;
  • Ажырасу жиілігінің артуы — некеге сенімсіздік тудырады;
  • Репродуктивті денсаулықтың әлсіреуі.

Мұндай үрдістер — тек әлеуметтік емес, демографиялық тәуекелге де айналуда. Себебі некенің азаюы — бала туу көрсеткішіне тікелей әсер етеді.

Ұрықты сақтау: таңдау ма, сақтық па?

Соңғы жылдары ұрық қатырып, болашаққа сақтап қою жастар арасында жиі талқыланып жүр. Бұл үрдіс сән қуған қадам емес, қайта алдын ала қамданудың бір түрі болуы мүмкін.

«Ecomed» клиникасының директоры, эмбриолог Марат Отарбаев бұл тақырыпқа қатысты пікір білдіріп, ұрық сапасының жасқа байланысты күрт төмендейтінін еске салады.

«23 жастағы ұрық пен 40 жастан асқан ұрықтың сапасы жер мен көктей. Репродуктивті мүмкіндік жыл сайын шектеле береді. Сондықтан қажет болса, ұрықты ерте сақтап қою — болашақ үшін дұрыс шешім», – дейді ол.

Бірақ дәрігердің айтуынша, бұл әдіске көбіне үйленіп, бірнеше жыл бала сүю мүмкіндігінен айырылған адамдар жүгінеді. Бағасы да қолжетімді емес: бір реттік қатыру 1000–1200 АҚШ доллары болса, ай сайынғы сақтау ақысы 3000 теңгені құрайды.

Болашақ үшін бүгін қамдан

Жастардың үйленуге асықпауы – жаңа өмір салтына, қаржылық қиындықтар мен әлеуметтік көзқарастарға байланысты екені анық. Алайда отбасын құруды тым кейінге шегере беру – кейін денсаулық пен психологиялық күйге, сондай-ақ ұлттық демографияға әсер етуі мүмкін.

Отбасын құру – тек әлеуметтік мәртебе емес. Ол – ұрпақ жалғастығы, өмір сабақтастығы. Жас отбасының басты қуанышы – бала сүю. Ол — уақытпен тығыз байланысты мүмкіндік. Уақыты келгенде құрылған шаңырақ — ұзағынан сүйіндірмек.

«Кешіккен бақыт – бақыт емес» деу артық болар. Бірақ оны күтіп жүріп, өмірдің ең басты мүмкіндіктерін өткізіп алмау – әр адамның жеке жауапкершілігі.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz