Қоғам

Назарбаевтың активтері қайтарылды, адал кәсіпкерлердің де мүлкі тартып алынды – Перуашев

Назарбаевтың активтері қайтарылды, адал кәсіпкерлердің де мүлкі тартып алынды – Перуашев
kznews.kz

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Бас прокуратура жанындағы Активтерді қайтару комитетін Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті етіп қайта атау туралы Президент бастамасын қолдады. Сонымен бірге ол активтерді қайтару науқаны кезінде адал кәсіпкерлердің де зардап шеккен жағдайларын еске салды.

Перуашевтың айтуынша, комитеттің атауы өзгергенімен, активтерді мемлекетке қайтару тәртібі 2023 жылғы 12 шілдеде қабылданған «Мемлекетке заңсыз иеленген активтерді қайтару туралы» заңмен реттеледі. Яғни, бұл бағыттағы жұмыс тек атауды өзгерту арқылы емес, заң нормаларын нақты орындау арқылы жүзеге асуы тиіс.

Депутат Сарыағаш ауданында болған оқиғаны мысалға келтірді. Аудандық әкімдік Болат Назарбаевқа тиесілі активтерді мемлекетке қайтару деген желеумен, ашық аукцион арқылы санаторийді заңды түрде сатып алған кәсіпкерлерден сот арқылы нысанды тартып алған. Ал кейін сол нысандар Болат Назарбаевқа қатысты компанияларға еш кедергісіз қайтарылған.

«Президенттің комитетті қайта құру жөніндегі шешімі – бизнеске берілген айқын әрі сенімді сигнал. Заңсыз алынған активтерді қайтару — маңдайшадағы атауға емес, нақты заң нормаларына байланысты. Адал кәсіпкерлер мемлекет тарапынан нақты қолдау мен қорғауды көруі керек», – деді Перуашев.

Оның мәліметінше, Бас прокуратура Сарыағаштағы санаторийге қатысты істің заңдылығына наразылық білдірген. Егер активтердің қылмыстық жолмен алынғаны дәлелденсе, олар мемлекет меншігіне өтуі керек. Адал бизнеске заңсыз қысым жасалмауға тиіс. Перуашев бұл жағдайға бұған дейінгі депутаттық сауалында да назар аударып, жергілікті биліктің әрекетін «ескі Қазақстандағы рейдерлік тәсілдерге ұқсас» деп атаған болатын.

8 қыркүйектегі Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратура жанындағы Активтерді қайтару комитетін Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті етіп қайта атауды тапсырған еді. Мемлекет басшысы заңсыз иеленген активтерді қайтару бойынша жүргізілген жұмыс нәтижесінде бюджетке шамамен 850 млрд теңге түскенін мәлімдеген.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz