Орал қаласында Қазақстанның халық әртісі, "Парасат" және "Құрмет" ордендерінің иегері, белгілі театр және кино актрисасы Меруерт Өтекешованың 75 жылдық мерейтойына арналған "Қазақтың Қыз Жібегі" атты шығармашылық кездесу өтті, деп хабарлайды kznews.kz.
А.Н. Островский атындағы драма театрында өткен кешке жиналған көрерменнің көп болғаны сонша, залда ине шаншар орын қалмады. Ақжайық жұрты қазақ өнерінің саңлағына ерекше құрмет көрсетіп, ыстық ықыласын білдірді.
Мерейтойлық кеш көпшіліктің жүрегінен орын алған "Қыз Жібек" фильмінде шырқалған әйгілі "Гәкку" әнімен ашылды. Әсерлі әуен мен ұлттық нақыштағы би көрерменді ерекше әсерге бөледі.
Шығармашылық кездесуде Меруерт Өтекешованың театр мен кинодағы тағылымды жолы, қазақ өнерінің дамуына қосқан үлесі кеңінен айтылды. Экраннан актрисаның шығармашылығына қатысты мұрағаттық бейнелер көрсетіліп, көрермен оның өнердегі өнегелі жолына тағы бір мәрте қанықты.
Кеш барысында өнерсүйер қауым қазақтың Қыз Жібегімен жүздесіп, естеліктерін тыңдап, құрметін жеткізді. Әсерлі сәттердің бірінде Меруерт Өтекешова көзіне жас алып, көрермен ықыласына толқыды.
Мерейтой аясында Батыс Қазақстан облысы әкімдігі актрисаға ақ тұлпар мінгізіп, ерекше құрмет көрсетті.
Рухани кеш театрландырылған қойылымға ұласып, қазақ мәдениетінің мәртебесін асқақтатқан әсерлі басқосуға айналды.