Жамбыл облысының Меркі ауданында көз жұмған 19 жастағы Мадинаның өліміне қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Әлеуметтік желіде марқұмның құрбысына жазған хаттары тарады. Онда ол отбасындағы жанжалдар мен күйеуінің әрекеттері туралы баяндаған, деп хабарлайды kznews.kz.
Мадинаның сөзінше, соңғы жанжалдың бірі «Барни» тәттісіне байланысты шыққан. Күйеуі тәттіні баласына алып келген, ал Мадина оның біреуін жеп қойғаннан кейін ерлі-зайыптылар арасында ұрыс болған.
«Бүгін Мадиярмен қатты ұрыстым. Бір “Барни” шоколад үшін ұрыстық қой. Тіпті ұрып жіберді. Балаға алып келіпті, содан біреуін алып жегем. Соған “Неге жейсің, мен оны балаға алып келдім?” деді», – деп жазған Мадина құрбысына.
Хатта жас келіншек жанжалдан кейін дәретханаға кіріп кеткенін, алайда күйеуі артынан барып, басынан ұрғанын да жазған.
«Ол келіп, басымнан ұрды, мен құлап қалдым. Елестетші, бір “Барни” үшін», – делінген хабарламада.
Келесі күні Мадина заттарын жинап, күйеуінен кетуге және ажырасуға шешім қабылдағанын құрбысына айтқан. Сонымен қатар жолға қажет болғандықтан 15 мың теңге сұраған.
Құрбысы қажетті соманы бірден бере алмаған соң, таныстарынан көмек сұрамақ болған. Алайда көп ұзамай оған Мадинаның қайтыс болғаны туралы хабар жеткен.
Марқұмның туыстары оның өліміне қатысты бірқатар күмәнді жайт бар екенін айтып, істің жан-жақты әрі әділ тергелуін талап етіп отыр.
Қазіргі уақытта оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған. Іс Қылмыстық кодекстің «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша тергеліп жатыр.