Қазақстанның Жамбыл облысында Мадина Рашидқызының өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды kznews.kz.
Полиция мәліметінше, қылмыстық іс өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу дерегі бойынша тергеліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты істің өзге мән-жайы әзірге жарияланбайды.
Марқұмның құрбысының айтуынша, Мадина қайғылы оқиғадан бұрын отбасындағы жанжалдар туралы бірнеше рет айтқан. Сондай-ақ ол күйеуінен кеткісі келетінін жеткізіп, бұған дейін де физикалық зорлық-зомбылық көргенін мәлімдеген.
Құрбысының сөзінше, соңғы жанжал күйеуі сегіз айлық баласына алып келген тәттінің біреуін Мадинаның жеп қоюынан басталған. Ол осы жағдайдан кейін күйеуі Мадинаны ұрып-соққанын айтады.
Келесі күні Мадина жиналған заттарының суретін құрбысына жіберіп, күйеуінен кетуге шешім қабылдағанын хабарлаған. Сондай-ақ жол шығыны үшін 15 мың теңге қарыз сұраған. Осыдан кейін онымен байланыс үзілген.
Кейін Мадинаның қайтыс болғаны туралы құрбысына оның енесі хабарлаған.