Оның айтуынша, бұл – Үкіметтің басты міндеттерінің бірі. Қазір әлеуметтік қолдау саласында шешімін күткен мәселелер аз емес. Осыған байланысты қоғамда қызу талқылау жүріп, азаматтар өздерін алаңдатқан жайттарды ашық айтып жатыр.
«Сондықтан бұл күрделі мәселені “өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай”, байыппен, салмақты көзқараспен шешу қажет. Артық қыламын деп, тыртық қылуға мүлдем болмайды», – деді Президент.
Тоқаевтың сөзінше, кез келген реформа жан-жақты сараланып, мұқият зерттеліп, азаматтардың жағдайы барынша ескеріле отырып жүргізілуге тиіс. Сондай-ақ әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдері мен оған қатысты ақпараттық жүйелердің жұмысын алдын ала тексеру қажет. Президент мұндай жобаларды әуелі сынақ режимінде іске қосып, тиімділігі дәлелденгеннен кейін ғана кеңінен қолдануды ұсынды.
«Түптеп келгенде, әлеуметтік мемлекет дегеніміз – азаматтарды әлеуметтік төлемдерге тәуелді ету емес, бұл, ең алдымен, халықтың тұрмыс сапасын, әл-ауқатын арттыру деген сөз», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Президент адам капиталының сапасын жақсартуға және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауға басымдық беріліп отырғанын да айтты.