Қоғамда белгісіз қалып, қайырымдылықпен көзге түсіп жүрген бетперделі азамат тағы бір игі іске барды. Бұл жолы ол 13 жастағы үшінші топтағы мүгедек қыз – Алиме мен оның отбасына көмек қолын созды. Қыз бала ұзартылған QT интервалы синдромы диагнозымен ауырса да, өмірге деген үмітін үзбей, өз арманын жүзеге асыру үшін күресіп келген, деп хабарлайды Kznews.kz.
Ауыр диагнозбен күресіп жүрген қыздың оқиғасы
Алиме өте сирек кездесетін жүрек дертіне шалдыққан. Оның айтуынша, соңғы уақытта жиі есінен танып, құлай бастаған. Бұл жағдай оған кардиодефибриллятор орнатуды қажет етеді. Әйтсе де ем-дом құны қымбат болғандықтан, анасы екеуі қолдан білезік жасап сатып, қаржы жинауға тырысқан.
«Жүрегім кез келген сәтте тоқтап қалуы мүмкін. Сонымен қатар сол жақ аяғым туабітті қысқа, тек таяқтың көмегімен қозғала аламын. Біз жалдамалы пәтерде өмір сүріп жатырмыз. Күн сайын ұйықтар алдында көмек қолын созар жанды Алладан тілеймін», – деді Алиме көз жасын тыя алмай.
Қайырымды азамат күтпеген сый жасады
Қыздың жанайқайы ел назарынсыз қалмады. Бетперде киген қайырымды азамат оған қажетті медициналық көмек пен оқуына жұмсалатын қаржыны толықтай жауып беріп қана қоймай, жаңа пәтердің кілтін де табыстады. Мұндай қамқорлықты күтпеген Алиме мен оның анасы қуаныштан көз жасына ерік берді.
Қайырымдылық — үміттің сәулесі
Белгісіз меценаттың бұл ісі әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, қоғамда үлкен қолдау тапты. Мұндай жомарттық пен шынайы мейірімділік қоғамға үміт пен сенім ұялатады.