Жангелдин ауылындағы отбасының өліміне қатысты сот отырысында куәгерлер қожайындары жоғалғаннан кейін олардың малына қалай қарағанын және марқұм Наурыз Мұқанғалиевтің телефонынан хабарлама алғанын айтып берді, деп kznews.kz тілшісі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Сотта соңғы болып жауап берген екі куәгер марқұм отбасының малына қараған.
Бірінші куәгер Жангелдин ауылы тұрғындарының малын жаюмен айналысатынын айтты. Оның сөзінше, Қарабалиндер отбасының малы да оның бағуында болған. Өткен жылдың күзінде ол Мақсот Қарабалиннің жайылымында жүрген сиырларды өз қорасына кіргізген. Бұған отбасының көршісі үй иелерінің жоқ екенін айтып, малға қарай тұруды өтінгеннен кейін барған.
Куәгер әр сиырды баққаны үшін 4 мың теңгеден алып отырған.
Екінші куәгер отбасы кеткеннен кейін қорада қалған малға қарау ұсынылғанын айтты. Оның сөзінше, оған үй иелері Ташкентте емделіп жатыр, сондықтан малды жемдеп, суарып тұру керек деп айтқан. Бұл жұмысы үшін күніне 3 мың теңге төлеуге келіскен.
Куәгердің айтуынша, ақша күн сайын емес, ара-тұра түсіп отырған. Бұдан бөлек, қой баққаны үшін оған жеке 10 мың теңге төленген.
Оның сөзінше, аударымдар шамамен 23-25 қаңтарға дейін келіп тұрған.
Кейін Наурыз Мұқанғалиевтің нөмірінен WhatsApp арқылы ақшаның орнына бір баспақты алып кету туралы хабарлама келген.
"Қазір ақшам жоқ, бір баспақты алып кете аласың ба?" – деп куәгер хаттың мазмұнын жеткізді.
Осыдан кейін ол расымен де малды алып кеткен.
Кейін марқұмдардың туыстары малдың тағдырын анықтай бастаған. Мақсот Қарабалиннің қарындасы куәгерден малдың не үшін сатыла бастағанын сұраған.
"Мен мал сатуға қатысқан жоқпын, олар өздері келісіп алды. Маған үй иелері Ташкентте жүр деп айтты. Мен олар жақында қайтып келеді деп ойлап, күтіп жүрдім", – деді куәгер.
Сондай-ақ куәгер хабарламалар өзінде Наурыз Мұқанғалиевтің нөмірі ретінде сақталған телефоннан келгенін айтты. Бұрын олар бірге намаз оқығандықтан, жазып отырған адамның кім екеніне күмәнданбаған.
Судья қазіргі кезде телефон алаяқтығы кең тарағанын еске салып, мұндай хабарламалар күдік тудыруы мүмкін екенін айтты.
Алайда куәгер соңғы екі жылда Наурызбен сөйлеспегенін және оны көрмегенін жеткізді. Соған қарамастан, хабарласып отырған адам Наурыздың өзі екеніне сенген. Оның ойынша, Наурыз ол туралы Сұлтан Сәрсемәлиевке бұрын айтып беруі мүмкін.
Сұрақ-жауап кезінде марқұм Мақсот Қарабалиннің қарындасы құжат бойынша ағасында 11 бас ірі қара болғанын мәлімдеді. Алайда қазір оның айтуынша, он малдың ғана қайда екені белгілі, тағы бір сиырдың қайда екені белгісіз.
Бұған жауап берген куәгер малды қарауға алған кезде оған 10 бас мал тапсырылғанын айтты. Сонымен бірге ол бұған дейін жайылымнан алып келген мал саны төрт емес, үш сиыр болғанын нақтылады. Оның сөзінше, бұл сандар отбасының шаруашылығындағы малдың жалпы санына қатысы жоқ.
Куәгерлерден жауап алу аяқталғаннан кейін сот іс материалдарын зерттеуге кірісті.
Процеске қатысушыларға Жангелдин ауылындағы үйдің қорасынан табылған Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның сүйегін эксгумациялау барысы түсірілген бейнежазбалар көрсетілді.
Судья сүйек қалдықтары көрінетін кадрларды түсіруге және жариялауға тыйым салды. Ол мұны мұндай көріністердің психологиялық тұрғыдан ауыр әсер етуімен түсіндірді. Ал қазба жұмыстары басталғанға дейін түсірілген бейнежазбаны көрсетуге рұқсат берілді.
Материалдарды қарау кезінде марқұмның әпкелері көз жасына ерік берді. Ал Сұлтан Сәрсемәлиев бұл уақытта басын жоғары көтеріп, экранға мұқият қарап тұрды.