Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот отырысында марқұмдардың туыстары жоғалған адамдармен емес, олардың атынан басқа біреумен хат алмасып отырғандарын қалай түсіне бастағанын айтып берді, деп kznews.kz тілшісі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бүгін Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Жангелдин ауылындағы отбасының өліміне қатысты іс бойынша куәгерлерден жауап алу жалғасты.
Марқұм Мақсот Қарабалиннің немере қарындасы Паризат Кенжеғалиева өткен жылдың 12 қарашасында ағасының малы мен мүлкі сатылып жатқанын естіп, оның үйіне барғанын айтты. Сол жерде ол малды тиеп жатқан адамдарды көріп, сатылымды тоқтатуға тырысқан.
Куәгердің сөзінше, бұл жағдайды ол Наурыз Мұқанғалиевтің WhatsApp нөмірінен келген хабарламалар арқылы білген. Бастапқыда ол хаттарды басқа адамның жазуы мүмкін деп күдіктенбеген.
Паризат Кенжеғалиева үй иелері жоқ кезде мүліктің сатылуына үзілді-кесілді қарсы болғанын жеткізді. Осыдан кейін ол Наурызға бірнеше рет видеоқоңырау шалмақ болған, алайда қоңырауларға ешкім жауап бермеген.
Жауап алу кезінде куәгер айыпталушының әрекеті туралы айтқанда эмоциясын жасыра алмады.
"Ол өлген адамды тірілткендей әрекет жасаған", – деді ол.
Кейін куәгер Сұлтан Сәрсемәлиевке қарата:
"Олардың кінәсі не еді? Басыңды көтер!" – деді.
Судья ескерту жасағаннан кейін Паризат Кенжеғалиева жауабын жалғастырды. Оның айтуынша, марқұмдардың отбасында қарыз болмаған, олар өз еңбегімен күн көрген. Осы сөздерді айтқан сәтте әйел көз жасына ерік берді.
Бұдан соң марқұм Мақсот Қарабалиннің немере інісі Шалқар Мұқанғалиевтен жауап алынды.
Ол туыстары жоғалғаннан кейін Наурыз Мұқанғалиевпен бірнеше рет байланысқа шығуға тырысқанын айтты. Хабарламалардың біріне “қиындықтар болып жатыр, анам ауырып қалды” деген мазмұнда жауап келген.
Кейін Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиева із-түзсіз жоғалғандар қатарында болған кезде, Шалқар WhatsApp арқылы Наурызға тағы хат жазып, мән-жайды білмек болған. Бірақ бұл жолы жауап келмеген.
Куәгердің сөзінше, уақыт өте келе хабарламалардың өзі күдік тудыра бастаған.
"Наурыз әдетте қате жазатын. Ал мұнда хат жазу мәнері мүлде басқа болды", – деді ол сотта.
Шалқар Мұқанғалиев сотта айыпталушыға да үн қатты.
"Алла кешірімді. Егер адам шын жүректен өкінсе, Алла кешіреді. Бірақ сен ата-анаңа, бес балаңа, Ақбаянның туыстарына және бізге үлкен қайғы қалдырдың", – деді куәгер.
Ол Наурызбен бірге өскенін және оны жақсы танығанын айтты. Оның сөзінше, Наурыз ешқашан жанжалқой адам болмаған және Сәрсемәлиевпен арасында ауыр кикілжің барын айтпаған.
Сондай-ақ куәгер Ақбаянның туыстары айыпталушыға қысым көрсетті деген нұсқаға сенбейтінін жеткізіп, марқұмдарды кінәламауды сұрады. Оның айтуынша, Нәсіп Өтешқалиева керісінше немерелеріне көмектесуге тырысқан.
Сөз соңында Шалқар Мұқанғалиев Сәрсемәлиевтің Наурыз Мұқанғалиевтің өліміне қатысты айтқан өзін-өзі қорғау нұсқасына күмән келтірді.
"Адам бір рет пышақ салғаннан кейін әдетте қаннан шошиды. Ал мұнда жүрегі тас болып кеткендей", – деді куәгер.