Жәбірленуші тараптың адвокаты Нұрсұлтан Орынбеков бүгін сот отырысында өтінішхат оқып, сот тергеуін қайта бастауды сұрады.
Бүгін сот отырысында жәбірленуші тараптың адвокаты Нұрсұлтан Орынбеков айыпталушы Сәуле Жұбаниязоваға қатысты қылмыстық іс бойынша сот тергеуін қайта бастауды сұрады. Бұған Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотында жәбірленуші өкілінің шағымын қарау нәтижесі негіз болған, деп хабарлайды kznews.kz
Адвокаттың айтуынша, Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотында жәбірленуші Нұрпеисованың өкілі құрылыс компаниясының және басқа да тұлғалардың үстінен қозғалған қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыға берген шағымы қаралған.
Орынбеков сот тергеуі аяқталғаннан кейін іс үшін маңызы бар жаңа дәлелдер пайда болған жағдайда тараптар сот тергеуін қайта бастау туралы өтінішхат беруге құқылы екенін атап өтті.
"Егер тарап іс үшін маңызы бар жаңа мән-жайлар туралы хабарласа, сот тараптардың өтініші бойынша немесе өз бастамасымен сот тергеуін қайта бастайды. Мұндай жағдайда тергеу судьясының шағымды қарау нәтижесі қылмыстық құқық бұзушылықтың мән-жайларын және әрекеті не әрекетсіздігі бағалануға тиіс тұлғалардың толық шеңберін анықтау үшін тікелей маңызы болуы мүмкін", – деді адвокат Нұрсұлтан Орынбеков.
Осыған байланысты адвокат күдікті Жұбаниязоваға қатысты қылмыстық іс бойынша сот тергеуін қайта бастауды және тергеу сотынан жәбірленуші Нұрпеисованың өкілі берген шағымды қарау нәтижесі бойынша қабылданған сот актісі мен тиісті мәліметтерді сұратуды өтінді.
Судья өтінішхат бойынша шешім қабылдау үшін кеңесу бөлмесіне кетті.
Айта кетейік, бүгін сотта сотталушы Сәуле Жубаниязоваға соңғы сөз беру жоспарланған еді.
Еске салайық, бұған дейін Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот процесі 18 тамызда Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында басталған. Істі судья Меруерт Абаева қарап жатыр. Сотталушы ретінде үйдің МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязова қатысып отыр. Іс Қылмыстық кодексінің 254-бабы "Міндеттеріне жосықсыз қарау" бойынша қаралып жатыр.
Сот отырыстарында марқұмның жұбайы мен анасы, зардап шеккендер, куәгерлер, құрылыс саласының мамандары және сотталушы жауап берді. Іс материалдарын зерттеу барысында үйдің қасбетіндегі проблемаларға қатысты куәгерлердің көрсетулері тыңдалып, техникалық сараптама қорытындысы жарияланды. Сараптамада ғимарат қасбетінің құлауына әкелген себептер көрсетілген. Бұған дейін құрылыс саласының маманы Вероника Лобаева үйдегі жобалық сәйкессіздіктерді "баяу әсер ететін минаға" теңеген. Ал техникалық қадағалау маманы Денис Воробьев қасбеттегі ақау белгілері құлау оқиғасына дейін пайда болғанын айтқан. 17 қыркүйекте тергеуші сотта Сәуле Жұбаниязова МИБ төрайымы қызметін атқарған кезеңде қажетті жұмыстарды орындамағанын мәлімдеді. Сот процесі ашық форматта өтіп жатыр.