Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның жолдасы Әділет Зейнел қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселелерге қатысты алғаш рет кең көлемде пікір білдірді. Ол Қазақстан Халық партиясының YouTube арнасына берген сұхбатында жұбайының қазасына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша ұстанымын ашық айтып, тергеудің соңына дейін қатысатынын мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Әділет Зейнелдің айтуынша, ол қылмыстық іс аясындағы жәбірленуші мәртебесінен бас тарту ниетінде емес. Керісінше, істің әділ әрі жан-жақты тергелуі үшін соңына дейін күресуге дайын екенін жеткізді.
Оның сөзінше, марқұмның өліміне қатысты істің басынан бері белсенді түрде араласып келеді және басталған істің аяқсыз қалмағанын қалайды. Сондықтан қандай жағдай болмасын, өзінің заңды мәртебесін сақтап, сот процесі толық аяқталғанға дейін қатысуды жөн санайды.
«Мен жәбірленуші мәртебесінде қала беремін. Бұл істің басынан бастап жанында жүрген адаммын. Сондықтан оны соңына дейін жеткізгім келеді. Мен үшін ең маңыздысы – әділдікке қол жеткізу. Қазақта "еркек болсаң, бастаған ісіңді аяқта" деген сөз бар. Егер дәл қазір бұл істен бас тартсам, жұрт "екінші рет үйленген соң бәрінен бас тартты" деп түрлі әңгіме айтады. Одан кейін қоғамда тағы бір дау туындайды. Мен мұндай жағдайдың болғанын қаламаймын. Бұл халықтың сөзінен қорыққанымнан емес. Бұл – Ұлдананың алдындағы адамдық парызым. Сондықтан ел алдында бастаған ісімді соңына дейін жеткізуге міндеттімін», – деді ол.
Сонымен қатар Әділет Зейнел марқұмның анасы Салима Ершанқұлқызының өзін жәбірленуші мәртебесінен шеттеткісі келетініне қатысты да пікір білдірді. Оның пайымдауынша, мұндай талаптың қойылуына өзінің қайта шаңырақ көтеруі себеп болған болуы мүмкін.
«Менің ойымша, Ұлдананың анасы менің екінші рет отбасын құрғанымды алға тартып, жәбірленуші мәртебесінен айырғысы келеді. Бірақ мен бұл іске қатысты өз жауапкершілігімді сезінемін және заң аясында соңына дейін қатысатын боламын», – деді Әділет Зейнел.
Айта кетейік, Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты қозғалған қылмыстық іс қоғамда кеңінен талқыланып келеді. Тергеу барысы мен сот процесі көпшіліктің жіті назарында болса, іске қатысты тараптардың мәлімдемелері әлеуметтік желіде қызу пікірталас тудыруда.