Жазба авторының айтуынша, ол әуежайдан жапондық құрбысын қарсы ала алмағандықтан, алдын ала мекенжайын жіберіп, таксиге тек арнайы қосымшалар арқылы тапсырыс беруге кеңес берген.
Алматыда жапондық туристен 14 шақырымдық жол үшін 95 мың теңге сұраған такси жүргізушісінің әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Оқиға туралы қала тұрғыны Threads желісінде жазды, деп хабарлайды kznews.kz.
Алайда турист әуежайдан шыға бергенде жергілікті жүргізушілер оны сөзге тартып, өздерін ресми такси қызметі ретінде таныстырған. Олар жолақы таксометр арқылы есептелетінін айтып, қызметтерінің тиімді әрі ыңғайлы екенін сендірген.
«Әуежайда оны жергілікті таксистер тоқтатып, өздерінің ресми такси екенін, төлем таксометр бойынша жүргізілетінін және бұл әлдеқайда арзан әрі ыңғайлы болатынын айтып көндірген», – деп жазды алматылық.
Алайда 14 шақырымға созылған, шамамен 30 минуттық жолдан кейін жүргізуші туристен 95 мың теңге талап еткен. Автордың мәліметінше, банк күмәнді транзакцияны бұғаттағанымен, бұған дейін шетелдік әйелдің шотынан 40 мың теңге есептен шығарылған. Ал жүргізуші оған жеңілдік жасағанын айтқан.
Оқиғадан кейін таксист туристің танысына WhatsApp арқылы хабарласып, жақынырақ танысуды және қаланы аралатып көрсетуді ұсынған.
«Ол Қазақстанға ашық көңілмен келді, бірақ осындай жағдайға тап болды. Біз туризм, қонақжайлық және еліміздің тартымдылығы туралы көп айтамыз. Алайда мұндай оқиғалар Қазақстанның имиджіне қалай әсер етеді?» – деп ашынған жазба авторы.
Алматы әуежайында шетелдік туристерге қатысты мұндай жағдай алғаш рет тіркеліп отырған жоқ. 2026 жылдың маусымында екі үндістандық туристен қаланың жоғарғы бөлігіне жеткізу үшін 150 доллар талап еткен такси жүргізушісі анықталған болатын. Сол кезде полиция шетелдіктерге көмектесіп, ақшасын қайтаруға ықпал еткен.