Бельгиялық отбасы асырап алған қазақ жігіті Жәнібек Савельев туған анасына қатысты көпшілікке бұрын айтпаған оқиғасымен бөлісті. Ол туған жері Арқалыққа барған сапарында өзіне арналған қоштасу хатын алғанын және кейін хатты жазған әйелмен Астанада кездескенін мәлімдеді.
Жәнібек Савельев әлеуметтік желідегі парақшасында ұзақ уақыт бойы іште сақтап келген естелігін жариялаған. Оның айтуынша, бірнеше жыл бұрын өзі дүниеге келген Арқалық қаласындағы перзентханаға арнайы барған. Сол сапарында күтпеген жаңалыққа тап болған.
Жәнібек перзентханаға барған кезде өзіне биологиялық анасы қалдырған қоштасу хаты берілгенін айтты.
"Араларыңызда менің бірнеше жыл бұрын туған жерім – Арқалықтағы перзентханаға барғанымды еске алатындар бар шығар. Ол сапар мен үшін ерекше маңызды еді. Өзім дүниеге келген жердің дәліздерін аралап жүргенімде, қолыма биологиялық анамның мен дүниеге келген кезде қалдырған қоштасу хатын берді. Оның бар екенін осы уақытқа дейін білмеген едім", – деп жазды ол.
Жәнібектің сөзінше, хаттағы мәліметтер оның өмірінің алғашқы күндері туралы бұрын білмеген жайттарды түсінуіне мүмкіндік берген. Хатты оқыған сәтте ол қатты толқығанын жасырмады.
"Жылдар бойы түрлі сұрақтарға жауап іздеп, өмірімнің бастауын түсінуге тырысып жүрдім. Ал сол күні өмірімнің алғашқы күндерінен қалған бір естелік қолыма тиді. Оны оқып отырып, көз жасымды ұстай алмадым", – деді Жәнібек.
Хатты алғаннан кейін Жәнібек оны жазған әйелді іздеуге кіріскен. Біршама уақыттан соң іздеу нәтижесін беріп, екеуі Астанада кездескен.
"Біз сол хатты жазған әйелді де іздей бастадық. Ақыры, оны таптық. Онымен Астанада кездестік. Бұл кездесу мен үшін өте ерекше әрі жүрегіме терең әсер қалдырды", – деп жазды ол.
Алайда Жәнібек бұл кездесудің барлық мән-жайын көпшілікке ашып айтпаған. Ол хат авторымен жүздескеннен кейін де маңызды оқиғалар болғанын, бірақ оларды бірден баяндау оңай емес екенін жеткізді.
Жәнібек Савельев әлеуметтік желідегі оқырмандарына алдағы уақытта өміріндегі осы кезең туралы толығырақ айтып беретінін мәлімдеді.
"Сол кездесуден кейінгі оқиғаларды осы уақытқа дейін сіздерге айтып көрмеппін. Өйткені бұл оқиғаның жалғасы да бар, әрі оның бәрін бірден айтып жеткізу оңай емес", – деді ол.
Сондай-ақ Жәнібек өзінің туған жерін, шыққан тегін және биологиялық отбасын іздеуіне қолдау көрсеткен қазақстандықтарға алғыс білдірді. Ол алдағы жарияланымдарында Индонезияға жасаған сапарынан естеліктерімен бөлісіп, анасының хатына байланысты оқиғаның жалғасын баяндауды жоспарлап отыр.