"20 млн теңгеден сәл асады": Энергетика министрі табысы қанша екенін айтты
RU KZ
476.81
528.4
5.21

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 702 6094955
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 702 6094955

Біздің әлеуметтік желілер

Маңғыстау соты Сәния Тойкеннің апелляциялық шағымын қанағаттандырмады

Маңғыстау соты Сәния Тойкеннің апелляциялық шағымын қанағаттандырмады

Маңғыстау облыстық соты Жаңаөзен қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының айыппұл салу туралы шешіміне Азаттық тілшісі Сәния Тойкеннің түсірген апелляциялық шағымын қанағаттандырмай тастады. Журналистке бұл туралы Маңғыстау облыстық сотының баспасөз хатшысы Гаухар Нұрханова хабарлаған.

Облыстық сот алқасы апелляциялық шағымды Сәния Тойкеннің қатысуынсыз қарап, шешім шығарған.

Бұған дейін 2 сәуірде Сәния Тойкен "сотта құқым бұзылды" деп санайтындықтан сот отырысына қатысудан бас тартатынын мәлімдеген еді. Журналистің сөзінше, ол апелляциялық шағымын басқа іске байланысты Ақтаудан шұғыл кетіп қалған адвокатының қатысуынсыз қарауға келіспейтінін айтып, сот отырысын сәрсенбіге қалдыруды сұрап өтініш айтқан. Сот оны қанағаттандырмаған соң Тойкен облыстық сот алқасының төрағасымен қоса бүкіл құрамына сенімсіздік білдіретінін айтып шағым түсірген.

Сейсенбі күні Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасының төрағасы Нұрсапа Примашев шығарған ұйғарымда Сәния Тойкеннің апелляциялық шағым бойынша істі судья Кәзила Сағындықованың қарауына қарсылық білдірген өтініші қанағаттандырылмайтыны айтылған.

Журналист Сәния Тойкеннің апелляциялық шағымы бойынша Маңғыстау облыстық сотының отырысы сәуірдің 1-і күні өтуі тиіс еді. Сол күні судья Кәзила Сағындықова журналистің үстінен хаттама толтырған полицейлерді куәгер ретінде қатыстырып, қайта тергеу үшін апелляциялық шағымды қарауды кейінгі қалдыруды сұраған прокурордың өтінішін қанағаттандырып, Тойкен мен адвокаты Ғалым Нұрпейісовтің қарсылығына қарамастан сот отырысын кейінге қалдырған болатын.

12 наурызда Жаңаөзендегі жұмыссыздар наразылығынан хабар таратып жүрген Азаттық тілшісі Сәния Тойкенді Жаңаөзен соты "полицияға бағынбады" деп танып, 20 айлық есептік көрсеткіш (50 500 теңге, не 133 АҚШ доллар шамасында - ред.) көлемінде айыппұл салған.

Сәния Тойкен өзіне тағылған айыппен келіспейді. Ол соңғы бір айда бірнеше рет ұсталды. 27 ақпанда Жаңаөзенге тұрғындар наразылығынан хабар таратуға барған Азаттық тілшілері – Сәния Тойкен мен видеооператор Санат Нұрбековті полиция ұстап, Ақтау қаласындағы полиция департаментіне жеткізген. Оларға хаттама көрсетпестен тергеп, алты сағаттан кейін босатқан.

12 ақпанда Астанада бірнеше анадан сұхбат алуға олардың үйіне барған Сәния Тойкенді полиция басқармасына алып кеткен.

Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) баспасөз еркіндігі жөніндегі өкілі Арлем Дезир, "Журналистерді қорғау комитеті" (CPJ) Қазақстан билігін Азаттық тілшісі Сәния Тойкен мен өзге де әлеуметтік мәселелерді жазатын журналистер мен блогерлерді қудаламауға шақырды.

ЕҚЫҰ өкілі "әлеуметтік наразылық пен қоғам үшін маңызды мәселелерді көпшілікке жеткізу міндетін атқарған журналист кәсіби жұмысы үшін жазаланбауы тиіс" деп мәлімдеген.

2017 жылы Сәния Тойкен журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленген. Ол - бұл сыйлықты алған алғашқы және әзірге жалғыз қазақстандық журналист.


Azattyq
Автор
Бауыржан