KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

Қызылорда облысында 26 жастағы жігіт 21 күннен бері табылмай жатыр

Қайсар Қанат
Ер адам. Көрнекі фото: dowell/Getty Images

Ulysmedia.kz басылымының мәліметінше, Жанболат төрт жыл бұрын жұмыс істеу үшін Жаңақорғанға кеткен. Ол мал бағып, ата-анасына бірнеше айда бір рет келіп тұрған.

Жақындарының айтуынша, алғашқы жылдары жұмыс берушілер еңбекақысын уақытылы төлеген. Кейін жалақы мәселесінде қиындықтар туындай бастаған.

Жоғалар алдында Жанболат сыныптасына хабарласып, Құранның ішіне хат қалдырғанын айтқан. Екі парақтан тұратын жазбада ол белгісіз адамдар тарапынан қысым болғанын мәлімдеген.

"3 жылдан бері беттерін жауып, түн ішінде 4 бала келіп тұрады. Кентаумен арада наша тасып бересің деп қысым жасап, қолма-қол ақша талап етіп алып отырды. Осыдан 8 күн бұрын 4 жігіт тағы да келіп, сені мылтығыңмен атып өлтіреміз деп қорқытты. Бір адамның өлімі қоғамның тазаруына себеп болса, тағдырыма ырзамын", – делінген хатта.

Туыстарының сөзінше, ол бұл жағдай туралы бұған дейін ата-анасына айтпаған.

Жанболаттың анасы Мейрамгүл Жаңжарық ұлының үйден аман шыққанын айтып, оның тағдырына алаңдайтынын жеткізді.

"Жуас бала. Осы жерде жұп-жуас болып аман-есен аманат қылып алып кеткен. Аманатқа қиянат жасап отыр енді өздері. Біледі иелері. Өлмейді ол, өлмейді өзі келеді, өзі қашып кеткен деп отыр олар. Жиені бар қасында. Менің баламның атынан миллион кредит алған", – деді ол.

Ал әкесі Байділлә Жаңжарық іздеу барысында ұлының әртүрлі елді мекендерде жүргені туралы бірнеше ақпарат түскенін, алайда олардың расталмағанын айтады.

"Ойбай, Шымкентте Датқа ауылында жүр екен деді. Одан Қарабұлақта жүр екен деді телефоны. Содан жоқ қой. 21 күн болды қазір. Полиция қайта-қайта іздеп жатырмыз дейді. Ешқандай нәтиже болмай жатыр. Тауды іздедік барып. 9-күні ауылдан 2 газель жалдадық. 5-6 мотоцикл алдық. Ағайындар шықты әйтеуір. Жора-жолдастар. Екі дрон жалдадық", – деді ол.

Отбасы мүшелері Жанболатты өз күштерімен де іздеп, бұл жұмысқа туыстары мен таныстарын жұмылдырған.

Жаңақорған аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбай Аңсатов іздеу жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді.

"Іздеу жұмыстарына Ішкі істер органдарының жеке құрамы, ТЖД қызметкерлері, туыстары, еріктілер, блогерлер және жергілікті тұрғындар тартылды. Іздеуге жергілікті атқарушы органдар да белсенді көмектесіп жатыр. Іздеу жұмыстары арнайы иттердің, дрондардың және сүңгуірлердің көмегімен жүргізілуде. Жедел іздестіру топтары құрылып, облыс аумағында іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр", – деді ол.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →