Конституция жобасының 9-бабында қолданылған «тең» сөзі «қатар» деген нұсқаға ауыстырылды. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның X отырысында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов айтты, деп хабарлайды Kznews.kz.
– 9-бап нақтыланып, «тең» сөзі «қатар» деп ауыстырылды. 50 және 51-баптарда «өтініш» деген сөздер «мәлімдеме» деп алынды. Қазақ тіліндегі сөйлем құрау ерекшеліктерін ескере отырып, орыс тіліндегі «является» деген сөз сызықшамен ауыстырылды. Осылайша, қазақ тілінде «болып табылады» деген сөздер алынып тасталды. Мұндай өзгеріс бірнеше бапты қамтып отыр. Бұл бағыттағы шаруамыз әрі қарай жалғаса беретін болады.
Айта кетейік, Конституция жобасының 9-бабының 2-тармағында мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілінің қолданылуына қатысты норма көрсетілген. Жобада бұл тармақ «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп берілген.
Конституциялық реформаны талқылау кезінде дәл осы тұжырым қоғам ішінде қызу пікірталас туғызған еді. Тіл жанашырлары, азаматтық белсенділер мен бірқатар саясаткерлер орыс тіліне қатысты тармақты алып тастауды немесе мазмұнын қайта қарауды ұсынып, «тең» сөзі мемлекеттік тілдің айрықша мәртебесін нақтылауға кедергі келтіреді деген уәж айтқан.