Иран зымыран-дроны шабуыл жасап, өртке оранған Дубайдағы Fairmont The Palm кешенінде қазақстандықтарға тиесілі ондаған пәтер бар екені айтылды, деп хабарлайды Kznews.kz.
Бұл ақпаратты журналист Манас Қайыртай жариялаған. Оның сөзінше, Palm Jumeirah аралындағы бұл нысан бір ғана қонақүй емес: бір бөлігі қонақүй ретінде жұмыс істесе, қалған блоктары тұрғын үй форматындағы резиденция саналады.
«C4ADS ұйымының 2022 жылғы дерегі бойынша бұл резиденциядан қазақстандықтар 97 пәтер алған. Олардың кейбірі бұрын билікте лауазымды қызмет атқарғандардың туыстары», – дейді журналист.
Манас Қайыртай Fairmont The Palm-нан пәтер алған қазақстандықтардың тізімі жарияланғанын да атап өтті.
Айта кету керек, Fairmont The Palm — Palm Jumeirah-дағы бес жұлдызды жағажайлық қонақүй. Fairmont желісінің ресми мәліметінде кешен 2012 жылы ашылғаны, негізгі ғимаратта жүздеген қонақүй нөмірлері бар екені және бөлек орналасқан резиденциялар блогы қарастырылғаны жазылған.
Сонымен қатар, 2026 жылғы 1 наурызда бірқатар халықаралық басылымдар Парсы шығанағындағы шиеленіс аясында Дубайда бірнеше нысан зақымданғанын, олардың қатарында Fairmont The Palm атауы да аталғанын жазды.