Қазақмыс корпорациясы, өндірістік қауіпсіздікті күшейту мақсатында, Жезқазған өңіріндегі кеніштердің бірінде өртке қарсы оқу-жаттығу өткізді, деп хабарлайды kznews.kz. Шара барысында төтенше жағдайға әрекет ету, жұмысшыларды эвакуациялау және өртті сөндіру алгоритмдері пысықталды.
Шығыс Жезқазған кенішінің «Анненск» шахтасында өндірістік персонал мен мамандандырылған қызметтің қатысуымен оқу-жаттығу дабылы өткізілді. Оған тау-кен құтқару қызметінің бөлімшелері, газдан құтқару взводы, сондай-ақ «Серіктес» АҚҚ ЖШС өрт сөндіру бөлімшесі жұмылдырылды.
Оқу-жаттығу сценарийі бойынша штаттан тыс жағдай орын алып, скип оқпанының мұнаралы коперінде өрт шықты. Қатысушылар шынайы оқиғаға барынша жақын жағдайда тиісті әрекетті жедел орындады: жұмысшыларды эвакуациялады, қауіпті аймаққа кіруді шектеді, шартты түрде зардап шеккен жұмыскерді іздеп тауып, құтқарды. Сонымен қатар арнайы құралдарды қолдана отырып өртті оқшаулап, сөндірді.
Бұл жаттығу персоналдың штаттан тыс жағдайға дайындығын жетілдіріп, барлық қызметтің үйлесімді өзара іс-қимылын пысықтауға бағытталды. Іс-шара қауіпсіздік жүйесіндегі әлсіз тұстарды анықтап, жұмыскерлер мен өндірістік нысандарды қорғау шарасын дер кезінде күшейтуге мүмкіндік береді. Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша қатысушылардың іс-әрекетіне талдау жасалып, әрекет ету тиімділігін арттыруға бағытталған қосымша шаралар айқындалды.

Оқу-жаттығу дабылы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі жариялаған Өндірістік қауіпсіздік жылы аясында өткізілді. Жалпы, 2026 жылы компания кәсіпорындарында 100-ге жуық практикалық жаттығу өткізу жоспарланған. Бұл жаттығу персоналды эвакуациялау, өрт туындаған кездегі іс-қимылды пысықтау, сондай-ақ апаттық-құтқару жұмысын ұйымдастыруды қамтиды.
Сонымен қатар Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні қарсаңында «Қазақмыс Мэйнтенанс Сервисиз» ЖШС Тау-кен шахта жабдықтары зауытының механикалық цехында «Қауіпті өндірістік нысандағы өрт» тақырыбында жоспарлы оқу-жаттығу өтті. Жаттығу барысында жұмыскерлер «Серіктес» АҚҚ ЖШС апаттық-құтқару қызметімен бірлесіп, персоналды эвакуациялау, шартты өртті сөндіру, зардап шеккен жұмыскерді құтқару және алғашқы көмек көрсету іс-қимылын пысықтады.