«Қазақмыс» компаниясында өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғауды күшейту жұмысы аясында өздігінен жүретін тау-кен шахталық жабдықты қорғауға арналған автоматты өрт сөндіру жүйесі тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтан өткізілді. Сынақ жер асты жағдайында да, ашық аумақта да жұмыс істейтін техника арқылы көрсетілді, деп хабарлайды kznews.kz.
Жобаның мақсаты – өрттің шығу қаупін азайту және ықтимал апаттың салдарын төмендету.

Өрт анықталған жағдайда жүйе автоматты түрде өрт сөндіру қоспасын жібереді, ол жалынды оқшаулап, жылдам өшіреді. Әртүрлі температурада жұмыс істей алатын жүйе қосалқы қуат көзімен жабдықталған және ұзақ уақыт пайдалануға жарамды.
Мұндай шешімді қолдану әсіресе жер асты жағдайында маңызды, өйткені мұнда өрт өте қысқа уақытта өршуі мүмкін. Жүйенің автоматты жұмыс режимі өртке қарсы адамның қатысуынсыз әрекет етуге мүмкіндік береді және адам факторына қатысты тәуекелді азайтады.

Сынақ нәтижесінде жүйенің өртті ерте анықтап, тез сөндірудегі тиімділігі және апаттың салдарын азайтудағы әлеуеті расталды. Осындай шешімдерді қолдану қызметкерлердің қауіпсіздік деңгейін арттыруға, қауіпті фактордың әсерін төмендетуге және техниканың жарамды күйде сақталуына ықпал етеді.
Алдағы уақытта технологиялық тиімділікті ескере отырып, жүйені компанияның өндірістік алаңдарындағы өздігінен жүретін жабдықтардың басқа да түрлеріне кезең-кезеңімен енгізу мүмкіндігі қарастырылуда.

Өрт қауіпсіздігі жүйесін дамыту – өндірістік тәуекелдерді азайту және персоналдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы компанияның кешенді жұмысының бір бөлігі болып табылады.

