Мемлекет басшысы алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін жаңғырту және азаматтардың табысын арттыру мәселелеріне тоқталды.
«Сондай-ақ біз алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін жаңғырту ісіне ерекше мән береміз. Осы тұрғыдан алғанда, жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейтіп, бұл жүйені қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту маңызды», – деді ол.
Президент Үкіметке келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыруды тапсырды. Бұл өзгеріс 77 мыңнан астам маманның табысын өсіруге мүмкіндік береді.
«Үкіметке келер жылдың 1 қаңтарынан бастап осы бағытта жұмыс істейтін учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыруды тапсырамын. Бұл 77 мыңнан астам маманның табысын өсіруге мүмкіндік береді», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды. Бұл бастама келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асырылуға тиіс.
«Бұл 1,8 миллион адамның, соның ішінде бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға ықпал етеді», – деп атап өтті ол.