Қазақстанда қала халқының үлесі 64 пайыздан асты. Алайда халық санының өсуі қалалық инфрақұрылымның дамуымен қатар жүрмей отыр. Соның салдарынан мегаполистерде мектеп пен емхана тапшылығы күшейіп, шағын қалаларда халық саны азайып барады. Бұл мәселені «Әділет» партиясы фракциясының депутаты Юлия Учинская көтерді, деп хабарлайды kznews.kz.
Ол Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жолдаған депутаттық сауалында елдегі урбанизация үдерісінің біркелкі жүрмей жатқанын айтты.
Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы 1 қыркүйектегі дерегіне сәйкес, Қазақстан халқының 64 пайыздан астамы қалада тұрады. Елдегі 90 қаланың ішінде Астана, Алматы және Шымкентке қала тұрғындарының 37 пайыздан астамы шоғырланған.
Депутаттың пікірінше, халықтың ірі қалаларға жаппай көшуі инфрақұрылымға салмақ түсіріп отыр.
«Халықтың келуі инфрақұрылымның дамуынан озып барады. Жаңа аудандар мектеп пен емханасы жоқ алып тұрғын үй массивтеріне айналып жатыр. Ал ретсіз салынған жеке үйлер орналасқан аумақтарда жол, кәріз жүйесі мен көше жарығы сияқты негізгі жағдайлар жоқ», – деді Юлия Учинская.
Оның айтуынша, қала маңындағы елді мекендерде де мәселе аз емес. Нақты тұратын халық саны мен тіркелген тұрғындар санының айырмашылығы коммуналдық желілерге, қоғамдық көлікке және әлеуметтік нысандарға қосымша салмақ түсіреді.
«Агломерация туралы заң қолданысқа енгізілгелі бері елорда маңында бірде-бір бірлескен жоба жүзеге асырылған жоқ», – деп мәлімдеді депутат.
Сонымен қатар қала маңында тұратын адамдар күн сайын жұмысқа қатынауға бірнеше сағат жұмсауға мәжбүр. Себебі тұрғын үй құрылысы жұмыс орындары мен қажетті қызметтердің ашылуымен қатар жүргізілмейді.
Ал шағын және моноқалаларда жоғары жалақылы жұмыс орындарының аздығы, тозған инфрақұрылым, сапалы білім мен медицинаның тапшылығы халықтың басқа өңірлерге көшуіне себеп болып отыр.
«Жұмыс орындарының жетіспеуі, инфрақұрылымның тозуы, сапалы білім, медицина мен демалыс орындарының тапшылығы халықтың шағын қалалардан кетуіне түрткі болады. Бұл өңірлердегі кадр тапшылығын күшейтіп, инвесторлар үшін олардың тартымдылығын төмендетеді», – деді Юлия Учинская.
Осы мәселелерді шешу үшін «Әділет» партиясының депутаттары Үкіметке сегіз ұсыныс жолдады.
Атап айтқанда, тұрғын үйлерді пайдалануға беру кезінде инженерлік желілер, жолдар, мектептер мен басқа да әлеуметтік нысандардың құрылысын кезең-кезеңімен аяқтауды ұсынды.
Сондай-ақ мемлекеттік мекемелерді, жоғары оқу орындары мен ауруханаларды мегаполистердің шетіне және қала маңына көшіру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу қажеттігін айтты.
Бұдан бөлек, елдегі барлық қаланың инфрақұрылымдық және экономикалық әлеуетіне кешенді талдау жүргізіп, даму жоспарларын қайта қарау ұсынылды.
Депутаттар агломерацияларға бөлінетін қаржыны әділ бөлу, қала мен қала маңын байланыстыратын қоғамдық көлік бағыттарын дамыту және жүрдек қала маңы электр пойыздарын іске қосу мәселесін де көтерді.
Тағы бір ұсыныс – мектептер, кітапханалар мен мәдениет үйлерінің бос ғимараттарын балалар үйірмелері мен отбасылық демалысқа пайдалану. Сонымен қатар «Халық қатысатын бюджет» жобасын мәдени бастамаларға да кеңейту көзделген.
Соңғы ұсыныс бойынша қалалардың даму деңгейін бағалайтын бірыңғай рейтинг енгізу қажет. Онда инфрақұрылым сапасы, көлік қатынасы және тұрғындардың қоғамдық өмірге қатысу деңгейі ескерілуі тиіс.
Депутаттар Үкіметті урбанизация мәселесін орталық және жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысы арқылы шешуге шақырды.