KZNEWS.KZ
Әлеумет

Қазақстанда пойыздар 584 рет мал қаққан – ҚТЖ 86 500 теңгелік айыппұлды енгізуді ұсынды

• Асқар Алтайұлы
Фото: t.me/QazaqLogistics

ҚТЖ теміржол маңында малды қараусыз жаюға қатысты айыппұлды екі есе арттыруды ұсынып отыр, деп хабарлайды kznews.kz.

«Қазақстан темір жолы» мәліметінше, тоғыз айдағы көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 648 оқиғадан 584-ке дейін азайған. Алайда компания жағдайды әлі де күрделі деп бағалайды.

Оқиғалардың алдын алу үшін теміржолшылар 1,3 мыңнан астам түсіндіру кездесуін өткізген. Бұл кездесулерге 52 мыңнан астам мал иесі қамтылған. Ал талапты бұзған 378 адам жауапкершілікке тартылған.

2025 жылдан бері теміржол маңында малды қараусыз жаюға қатысты ескерту беру тәртібі алынып тасталған. Қазіргі айыппұл мөлшері алғашқы құқық бұзушылық үшін 5 айлық есептік көрсеткішті (АЕК), қайталанған жағдайда 10 АЕК-ті құрайды.

Енді ҚТЖ бұл сомаларды екі есе өсіруді ұсынып отыр. Ұсыныс қабылданса, алғашқы құқық бұзушылық үшін 10 АЕК, ал бір жыл ішінде қайталанса, 20 АЕК (86 500 теңге) айыппұл салынуы мүмкін.

Айыппұлды арттыру әзірге ұсыныс деңгейінде. Сондықтан 10 және 20 АЕК мөлшеріндегі айыппұлдар қолданысқа енгізілді деуге болмайды.

Асқар Алтайұлы
Kznews.kz сайтының Бас редакторы. ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі. Медиаменеджер. БАҚ саласында 22 жылдық тәжірибесі бар. Кәсіби блогер.
Автордың басқа материалдары →