Символдық қадамнан - нақты ықпалдастыққа: "Бештепе" саябағы Түркі дүниесін қалай байланыстырды?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
ҚР, Астана қаласы, Әбікен Бектұров көшесі, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Қанды статистика және қатаң реформа: Әскердегі жаңа реформа қабырғасы қайысқан қоғамның көз жасын тыя ала ма?

Қанды статистика және қатаң реформа: Әскердегі жаңа реформа қабырғасы қайысқан қоғамның көз жасын тыя ала ма?
Фото: ЖИ

Қорғаныс министрлігі мен Қауіпсіздік Кеңесінің тізе қоса отырып әскер жүйесін түбегейлі өзгертуге бел бууы — заңдылық әрі кеш те болса басылған батыл қадам.

Бейбіт күнде боздақтарынан айырылып, қабырғасы қайысқан қоғамның ащы айқайы мен Каспий теңізіндегі 14 бірдей әскери қызметшінің өмірін қиған соңғы қасіретті жағдайдан кейін, билік селсоқтық танытуға хақысы жоқ екенін түсінген сыңайлы, деп хабарлайды kznews.kz.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен жиында мақұлданған бұл жаңа әскери реформа жоспары мерзімді әскери қызметтің екі кезеңді, яғни «50 де 50» үлгісіне көшуді міндеттеп отыр. Ендігі жерде әскер табалдырығын аттаған шикі өкпе бозбалалар алғашқы 6 айын тек оқу орталықтарында өткізіп, әскери өмірге бейімделеді, ал қалған 6 айда тікелей әскери бөлімдерде жауынгерлік шеберлігін шыңдайды. Төбеден жай түскендей әсер еткен бұл шешімнің астарында құрғақ уәде емес, суық статистика мен қоғамдық наразылықтың қайнап тұрған қазаны жатыр. Өйткені Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ресми мәліметтеріне сүйенсек, 2020 жылдан бастап 2026 жылдың сәуір айына дейін әскери қылмыстардан 1,4 мыңға жуық адам зардап шегіп, 47 сарбаз қапияда көз жұмған. Ал дәл осы 2026 жылдың бірінші тоқсанының өзінде-ақ 240 жауынгердің жәбір көруі — бұл дерттің асқынып, пышақ сүйекке тірелгенін айқын аңғартады. Оның үстіне, 2020 жылдан бері қазақ әскерінде 89 адамның өзіне-өзі қол жұмсап, сұмдық қадамға баруы — «Отан қорғау — қасиетті борыш» деген ұранның тасасында әлімжеттік пен командирлердің салғырттығы тамыр жайып кеткенін көрсететін тасқа басқандай айғақ. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа жүйе сарбаздарды бірден әскери бөлімдердің қатал иерархиясына лақтырмай, алты ай бойы арнайы мамандардың бақылауында ұстау арқылы оларды психологиялық тұрғыдан шыңдап, әлімжеттік пен «дедовщинаның» тамырына балта шабуды көздейді. Сонымен қатар бұл реформаның екінші жағы да бар, өйткені жастар тек автомат ұстап, сап түзеуді ғана емес, заманауи еңбек нарығында сұранысқа ие азаматтық кәсіптерді де меңгеріп шығады. Бұл өз кезегінде әскерден қашу үрдісін тежеп, Отан алдындағы борышты өтеуді жаза өтеумен тең көретін түсінікті сейілтуі тиіс. Десек те, «бес саусақ бірдей емес», бұл реформаға үмітпен қарайтындар қаншалықты көп болса, күмәнмен бас шайқайтындар да соншалықты жеткілікті. Объективті түрде қарасақ, бұрыннан қалыптасқан әскери бөлімдердегі бассыздықтар толық жойылмай, тек мерзімді бөлу арқылы мәселе шешіле қояды деу — тым жалаң түсінік. Себебі Маңғыстаудағы қайғылы жағдайдың өзі бірінші кезекте жоғары шенді офицерлер мен генералдардың өрескел қателіктері мен салғырттығынан болғанын Мемлекет басшысының өзі қатал сынап, бес лауазымды тұлғаны қамауға алдырған болатын. Егер әскери оқу орталықтарындағы орта да дәл баяғы ескі сарынмен қала берсе, бұл реформа тек тонның ішін теріс айналдырғанмен тең болып, баяғы жартас — сол жартас күйінде қалу қаупі жоғары. 

Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, Израильдің ЦАХАЛ армиясы сияқты озық үлгілерде жауынгерлерді психологиялық скринингтен өткізу және командирлердің жеке жауапкершілігін шегіне жеткізу арқылы ғана әскер ішіндегі қылмысты 0,5%-ға дейін төмендету мүмкін болған. Ал Оңтүстік Корея мен Скандинавия елдеріндегі әскери омбудсмендер институты командалық құрамнан мүлдем тәуелсіз жұмыс істейтіндіктен, сарбаз құқығы заңмен шегеленген. Қазақстанның да дәл осы реформа аясында әскери бөлімдерден дербес әскери кеңесшілер мен омбудсмендер институтын енгізуді қолға алуы — әлемдік стандарттарға ұмтылудың белгісі. Бірақ қағаз жүзіндегі мінсіз жоспардың іс жүзінде қалай орындалатыны уақыт еншісінде. 

Түйіп айтқанда, «50 де 50» жүйесі — қазақ әскерінің есін жиып, етегін жиюына берілген соңғы мүмкіндіктердің бірі.  Сондықтан бұл өзгеріс тек сарбаздарды алты ай бойы жылы жауып қоятын уақытша қалқан емес, бүкіл Қарулы Күштердің қан айналымын жаңартатын, жауынгердің арын да, өмірін де қорғайтын шынайы реформаға айналуы тиіс.

Автор
Айжан Сыланова

2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.