Ұлттық банк жаңа ипотекалық талаптарды әзірлеп жатқанда, банктер қарыз беру шарттарын қатаңдатып жатыр. Сарапшылардың айтуынша, мұның нәтижесінде жылжымайтын мүлік бағасы одан әрі қымбаттайды, деп хабарлайды kznews.kz Krisha.kz-ке сілтеме жасап.
2025 жылы базалық мөлшерлеменің өсуі нарыққа қысым түсірді. Соның салдарынан бірқатар екінші деңгейлі банк ипотека беруді уақытша тоқтатты. Қазіргі таңда тек «Отбасы банк» бұрынғы режимде несие ұсынып, шарттарын өзгертпей отыр.
Жаңа құрылыста тұрғын үй алу біраз жеңіл, себебі банктер құрылыс компанияларымен түрлі серіктестік бағдарламаларды іске асырады. Ал қайталама нарықта несие беру айтарлықтай шектелген: бүгінде қайта сатылатын үйлерге ипотека рәсімдейтін тек бес банк бар. Олар Halyk Bank, Bank CenterCredit, ForteBank, Altyn Bank және Otbasy Bank. Қалған қаржы ұйымдары бағдарламаларын уақытша тоқтатқан.
Екінші деңгейлі банктердегі шарттар:
мөлшерлеме – жылына шамамен 22%;
бастапқы жарна – кемінде 20%;
мерзімі – 20 жылға дейін.
«Отбасы банк»:
мөлшерлеме – 3,5%-дан 8,5%-ға дейін;
бастапқы жарна – депозит жинағына байланысты 50%-дан басталады.
2026 жылы ипотека бойынша мөлшерлемені есептеудің жаңа әдістемесі енгізіледі. Жаңа жүйе LTV көрсеткішіне (несие сомасының мүлік құнына қатынасы) негізделмек. Бастапқы жарна азайған сайын және мерзім ұзарған сайын тәуекел де, соған сәйкес мөлшерлеме де жоғары болады. Бұл өзгерістер 2026 жылдың шілдесінде күшіне енуі мүмкін.
Сарапшылар еліміздің ірі қалаларында баспана бағасы тұрақты өсіп жатқанын айтады. 2025 жылдың тамызынан бері жаңа үйлердің құны ай сайын артып келеді. Қайталама нарық та оң динамиканы көрсетуде. Алматыда шаршы метрдің орташа бағасы 803 380 теңгеге жетіп, бұрынғы рекордтан да асып түсті.
Алдағы уақытта базалық мөлшерлемені төмендету жоспарланбағандықтан, 2020–2022 жылдардағыдай қолжетімді ипотеканы күтуге болмайды.
«20–25 пайыздық ипотека — қазіргі жаңа шынайылық. Егер жақсы бағаға лайық пәтер табылса және төлеуге мүмкіндігіңіз болса, шешімді кейінге қалдырмаған жөн. Баға төмендемейді, керісінше баспана алу қиындай түседі», - дейді Krisha.kz сату бөлімінің басшысы Имран Османов.
Дегенмен «Отбасы банкінде» 50% жинап үлгерген салымшыларға асығудың қажеті жоқ. Өйткені олар тұрғын үй несиесін күтіп, қолайлы мөлшерлемемен және жеңілірек шарттармен ала алады.
Бірақ сарапшы бағаның 5–10% шамасында көтерілуі мүмкін екенін ескертеді.
“Тұрғын үй несиесі бойынша артық төлем төмен және шарттар жақсырақ болады, бірақ бағаның 5-10% өсуіне дайын болуыңыз керек”, - деді Имран Османов.