KZNEWS.KZ
Мәдениет

«Халықтық құрылысқа» білікті мамандар қажет: Тоқаев Yessenov University-ге хат жолдады

• Асқар Алтайұлы
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Маңғыстауда Шахмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің 50 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-теориялық конференция өтті. Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты оқылып, бір топ ғалымға мемлекеттік наградалар табысталды, деп хабарлайды kznews.kz.

«Тәуелсіз Қазақстан: 50 жылдық білім мен ғылым мұрасы және жасанды интеллект дәуіріндегі жаңа мүмкіндіктер» атты конференцияға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев арнайы қатысты. Ол жиында Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқып берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз хатында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, әйгілі ғалым Шахмардан Есеновтің есімін иеленген университеттің жарты ғасыр ішінде іргелі оқу орнына айналғанын атап өтті. Президент университет ғалымдары мен оқытушылары білікті мамандардың бірнеше буынын тәрбиелеп, Маңғыстау өңірі мен тұтас еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқанын жеткізді.

Президент университет түлектеріне қандай үміт артады?

Мемлекет басшысы университеттің жарты ғасырлық мерейтойы еліміз үшін маңызды тарихи кезеңмен тұспа-тұс келгенін атап өтті. Ол Қазақстан біртұтас әрі озық ойлы ұлт ретінде түбегейлі реформаларды жүзеге асырып жатқанын және биыл Әділетті Қазақстанның мызғымас темірқазығына айналған Конституция қабылданғанын еске салды. Президенттің айтуынша, Конституцияда адам капиталын, білім, ғылым және инновацияны дамыту стратегиялық міндет ретінде айқындалған.

«Тұтас жұртымыздың сана-сезімі мен бүкіл еліміздің тұрпатын өзгерту үшін әлі көп жұмыс атқаруымыз керек. Сондықтан мен биылғы Жолдауымда «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жарияладым. Бұл ауқымды бастама аясында еліміздің барлық аймағында инфрақұрылым жаңғыртылады, жолдар салынады, инженерлік желілер тартылады, ең бастысы, түрлі әлеуметтік нысандар бой көтереді. Мұның бәрін сапалы атқару үшін бізге білікті инженерлер, құрылысшылар, кәсіби мамандар қажет. Есенов университетінің оқытушылары мен түлектері осы бірегей бағдарламаны табысты жүзеге асыруға белсене атсалысады деп сенемін», – делінген Президенттің құттықтау хатында.

Ғалымдарға мемлекеттік наградалар табысталды

Қасым-Жомарт Тоқаев отандық білім мен ғылымның дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар ғалым мен оқытушыны жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы шешім қабылдағанын да хабарлады.

Конференция барысында Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының атынан бір топ ғалымға «Парасат» және «Құрмет» ордендерін, «Ерен еңбегі үшін» медальдарын, сондай-ақ Президенттің Алғыс хаттарын табыстады.

Жиынға қатысқан Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың құттықтауын жеткізді.

Халықаралық деңгейде өткен конференцияға белгілі ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері, қоғамдық және ардагерлер кеңестерінің мүшелері, ақын-жазушылар, жас ғалымдар мен жастар қатысты.

Асқар Алтайұлы
Kznews.kz сайтының Бас редакторы. ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі. Медиаменеджер. БАҚ саласында 22 жылдық тәжірибесі бар. Кәсіби блогер.
Автордың басқа материалдары →