Ғалымжанды есінен танғанша ұрған, оны алда операция күтіп тұр. Бұл туралы оның қорғаушысы, заңгер Инга Иманбай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның айтуынша, өнер иесінің қазіргі жағдайы өте ауыр
«Мұқасан Шахзадаев тарапынан аяусыз соққыға жығылған қорғауымдағы азамат – танымал әнші әрі актер Ғалымжан мырзамен кездестім. Оның қазіргі жағдайы өте ауыр. Дәрігерлер қолының сынғанын, мұрнының сынғанын, бетінің қатты ісіп-көгергенін растады. Алдағы күндері мұрнына жарақаттан кейінгі күрделі ота жасалмақ. Бұл тек денсаулыққа келген зиян емес. Бұл – адамның өміріне, еңбегіне, шығармашылығына жасалған қастық», - деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Адвокаттың айтуынша, актер дәл қазір түсіп жатқан фильмінің жұмысы тоқтап тұр. Оның кесірін 40 адамнан тұратын бүтін бір кино тобы тартып отыр. Себебі бет-әлпеті қатты жарақаттанған адам камера алдына шығуға жарамайды. Бұл – нағыз масқара жағдай.
«Ең сорақысы, мәдениет саласының өкілдері өз әріптесін жабылып ұрып, есінен тандырып жібергені. Бұл өнер адамына ғана емес, жалпы қоғамға жасалған жабайылық, адамшылықтан безген әрекет. Ал полиция болса, әлі күнге дейін «Мұқасан Шахзадаев қашып жүр, табылмай жатыр»
деп мәлімдеуде. Сіздер бұған шынымен сенесіздер ме?.. Біз – мен, заңгер Инга Иманбай, Жан Ахмадиев және біздің команда – бұл істі соңына дейін жеткіземіз. Атаққа да, беделге де, таныс-тамырға да қарамай, әділ жаза қолданылуы үшін бар күшімізді саламыз.
Ғалымжан мырзаның құқығы тапталмауы керек. Бұл іс міндетті түрде әділ шешімін табады», - дейді ол.
Кеше әлеуметтік желілерде отандық танымал «Нұр-Мұқасан» тобының музыканттары арасында жанжал туындағаны туралы ақпарат тараған еді.
Топтың жаңа мүшесі, әнші Ғалымжан, топтың солисі Мұқасан Шахзадаев пен оның достары өзін ұрды деп мәлімдеген. Айтылған ақпарат бойынша, Ғалымжанның қолы мен мұрны сынған. Жанжалға рұқсатсыз ән жазу себеп болған көрінеді.
Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі ресми түсініктеме беріп, полицияға шағым түскенін растады:
«2024 жылдың 22 қарашасында Наурызбай аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын азамат М. және өзге де бірнеше тұлғалардың тарапынан оған дене жарақатын салу дерегі бойынша арызбен жүгінді. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған кешенді тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Тергеу объективтілікті, толықтықты және жан-жақтылықты қамтамасыз ету қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылуда. Тергеу нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады», – деп хабарлады Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.