Қазақстан қазба байлығын өндіріп, шетелге сатумен шектелмей, оны ел ішінде өңдеп, жұмыс орындарын ашуға да мүдделі болуы керек. Ғалым Өмірсерік Байгенженовтің пікірінше, «Жер қойнауы халыққа тиесілі» деген қағиданың экономикалық мәні осында, деп хабарлайды kznews.kz.
Satbayev University жанындағы О.А. Байқоңыров атындағы Тау-кен металлургия институтының «Металлургия және пайдалы қазбаларды байыту» кафедрасының профессоры бұл туралы Facebook парақшасында жазды. Ол мыс концентратын өңдеу тарифін есептеу әдістемесіне қатысты пікірталас бір қызметтің бағасынан әлдеқайда ауқымды мәселені қозғап отырғанын айтады.
«Мәселе Қазақстанның мыс өнеркәсібін қалай дамытқысы келетінінде: кен өндіріп, концентрат экспорттаумен шектеле ме, әлде ел ішінде оны әрі қарай өңдейтін өндірістерді дамыта ма?» деп жазды ғалым.
Байгенженовтің айтуынша, 2026 жылы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне осы әдістемені әзірлеп, бекіту өкілеттігі берілген. Конституцияда жер қойнауы мен өзге табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені, ал мемлекет халық атынан меншік құқығын жүзеге асыратыны жазылған.
«Бұл шикізат экспортына тыйым салу деген сөз емес», дейді профессор. Оның түсіндіруінше, мемлекет табиғи байлықтан түсетін пайданы өндірумен шектемей, өңдеу, инвестиция тарту және өнеркәсіпті дамыту арқылы көбейтуге жағдай жасауы керек.
Ғалым «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңның мақсаты да шикізатқа тәуелділікті азайтып, оны тереңірек өңдеу екенін еске салды. Заңның 60-бабы өңдеуші кәсіпорындарды отандық шикізатпен қамтамасыз ету тетігін қарастырады. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылы айтқан сөзін де келтірді: «Шикізатты терең өңдеп өнім шығару оны сыртқа сатудан коммерциялық тұрғыдан тиімдірек болуы керек».
Алайда әлемдегі өңдеу ақысы төмендегенімен, зауыт шығыны азайып кеткен жоқ. Ғалым сілтеме жасаған Халықаралық энергетикалық агенттіктің дерегінше, 2026 жылы мыс концентратын өңдеудің жылдық бағдарлы ақысы, яғни TC, тоннасына 0 доллар болып белгіленген. Ал біржолғы мәмілелердегі TC 2024 жылдан бері теріс мәнде қалып отыр.
Байгенженов мұны шикізат жетіспегенде зауыттардың концентрат үшін бәсекелесіп, өңдеу ақысын төмендетуімен түсіндіреді. 2005 жылдан бергі әлемдік мыс балқыту қуаты өсімінің 90 пайыздан астамы Қытайға тиесілі, ал 2025 жылға қарай оның үлесі әлемдік қуаттың шамамен жартысына жеткен.
«Әлемдік TC нарықтағы бағдар ретінде маңызды, алайда оны өңдеудің өзіндік құны деп қабылдауға болмайды», дейді ғалым.
Кәсіпорындар электр энергиясына, қызметкерлерге, жөндеуге, экология мен жаңғыртуға қаржы жұмсайды. Қосымша өндірілетін алтын, күміс пен күкірт қышқылынан түсетін түсім де түгелдей таза пайда емес. Оларды өндіру шығынды қажет етеді, ал агенттік бағалауынша, TC табысы жоғалғанда зауыттар бағасы құбылмалы осы өнімдерге көбірек тәуелді болады.
Профессор тарифке инвестиция шығынын қосуды орынды санайды. Дегенмен оның нақты кәсіпорын мен жобаға қатысы, жұмсалған сомасы және қайтару мерзімі анық болуы керек.
Сонымен қатар кен өндірушілердің өңдеу шығынын азайтып, тиімді нарықты таңдау мүддесі де қорғалуға тиіс. Байгенженов тариф тексерілетін шығындарға сүйеніп, өзара байланысты және тәуелсіз жеткізушілерге ортақ формуламен есептелуі қажет деп есептейді.
«Түптеп келгенде, әңгіме бүгінгі пайданы бөлісуде емес. Мәселе Қазақстанның келер ұрпаққа қандай өнеркәсіп қалдыратынында», деп жазды ол.
Өмірсерік Байгенженов PhD дәрежесіне ие. Ол 2015, 2019 және 2023 жылдары талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендия алған, 2020 жылы «ЖОО-ның үздік оқытушысы» атанған. Хирш индексі 20, рецензияланатын журналдарда жарияланған 50 еңбектің авторы.